Радикализм құрбаны болмасын десек…

Елде төтенше жағдай жарияланған өткен жылдан бері экстремистік сипаттағы материалдарды тарату, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде насихаттау арқылы азаматтардың санасын улаушылар қатары азаймай отыр. Деструктивті діни ұйымдарды жақтаушылар өз материалдарын тарату үшін түрлі мессенджерлерді жиі қолдана бастаған. Тек өткен жылы дін атын жамылып, әдебиет, аудио, фото, басқа да теріс пиғылды деректерді сақтап, таратқаны үшін өңірімізде бес, биыл бір факт әшкере болған екен. Оларға қатысты полиция іс қозғап, сот кінәлі деп тапқан.
Облыстық дін істері басқармасының ресми деректеріне сүйенсек, былтыр 59 жастағы Рудный қаласының тұрғыны үйінде экстремистік әдебиеттерді сақтап келгені анықталды. Ақтөбе сотының 2012 жылғы шешімімен бұл кітаптарды елімізге әкелуге және таратуға тыйым салынған.
"Бұл азамат әдебиеттерді сақтаумен қатар, WhatsАpp мессенджерінде экстремистік материалдарды да таратқан. Дінтанушылар сараптамасының қорытындысына сәйкес аталған материалдар діндарлардың ар-ожданын қорлауға және дінаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған. Алайда, сотталушы өз кінәсін мойындамады, тіпті, кітаптардың экстремистік сипатта екендігі туралы дәлелдерге күмән-данды. Рудный қаласының мамандандырылған әкімшілік соты К. есімді азаматты кінәлі деп танып, жасалған құқық бұзушылықтары үшін оған 300 мың теңгеден астам айыппұл жазасын тағайындады", – делінген басқарма таратқан мәліметте.
Ал 40 жастағы жітіқаралық азамат экс-тремистік фотоматериалдар таратқаны үшін жазасын алды. "Одноклассники" әлеу-меттік желісінде парақша ашқан А. қолдарына автоматтар ұстаған және араб тілінде жазулары бар адамдар бейнеленген үш фотосуретті көпшілікке жариялады. Дінтанушылар сараптамасы суреттердің "Талибан қозғалысы" экстремистік ұйымына (ҚР Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 15 наурыздағы шешімімен Қазақстан аумағында тыйым салынған) тікелей қатысы бар екенін айғақтаған. Ол суреттердің мазмұны мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған идеологияны қамтиды.
Сотта айыпталушы кінәсін мойындады. Ол фотосуреттерді интернеттен жүктеп алғанын өзіне үнаған соң айтқан. Жітіқара аудандық соты А. есімді азаматты кінәлі деп танып, жасаған қылмысы үшін 180 мың теңгеден астам айыппұл төлеу туралы шешім шығарған.
Павлодар қалалық сотының шешімімен салафиттік идеологтардың бірінің сөйлеген жазбалары 2019 жылы экстремистік деп танылса да, аудиоматериалдарды ВКонтакте желісінің жеке парақшаларында сақтаған Қостанайдың екі тұрғыны да жазасыз қалмапты.
"Облыс орталығының А. есімді тұрғыны сотта өзінің жасаған кінәсін мойындамады. Аккаунт оған тиесілі емес және оны кім ашқанын білмейтінін түсіндірді. Алайда, қолда бар барлық дәлелдемелерді, сондай-ақ айыпталушының алғашқы айғақтарын ескере отырып, сот оны кінәлі деп тапты. Ал азаматша Д. өз аккаунтында жазбаның болғанын жоққа шығармады. Алайда, ол аудиофайлдың экстремистік сипатта екенін білмейтінін айтып ақталды. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды және сот жасалған құқық бұзушылықты дәлелдеді деп шешті. Заңды бұзған екі қостанайлықтың әрқайсысына 194 000 теңгеден айыппұл төлеу міндеттелді", – дейді басқарма өкілдері.
"Қостанайлық бауырлар" деген атаумен WhatsАpp және Telegram мессенджерінде топ құрып, онда діни мазмұндағы материалдарды орналастырған облыс орталығы тұрғынының әрекеті сотта қаралған. Айыпталушы М. кінәсін мойындаған жоқ, өйткені, діни материалдардың мазмұны ҚР заңнамасына қайшы келмейді деп бет бақтырмапты. Ал діни сараптама бұл құжаттар мен аудиодәрістер мазмұны жеке діни ағым мен ғибадаттың негіздеріне, сондай-ақ басқа да адамгершілік-этикалық мәселелерге қатысты болған деген пәтуа шығарды. М. ҚР "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заңының 9-бабы 2-тармағын бұзған. Заңнамаға сәйкес, діни әдебиеттерді діни ғимараттарда, рухани білім беру ұйымдарында және арнайы бөлінген жерлерде ғана таратуға болады. Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік соты оны кінәлі деп танып, 130 мың теңгеден астам айыппұл төлеуге шешім шығарды.
Ал енді осы жылғы заңнан аттау дерегіне келейік. Құқық қорғау органдары қызметкерлері интернет кеңістікке мониторинг жүргізу барысында әлеуметтік желідегі парақшасында діни аудиоматериалдарды сақтау фактісін анықтапты. Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде аккаунт иесі табылды. Ол 21 жастағы қостанайлық болып шықты.
"Дінтанушылар сараптамасының қорытындысына сәйкес, бұл материалдардың бір бөлігі экстремизм идеяларын насихаттауға және таратуға шақырады. Мысалы, фотосуретте қолында қаруы, пышағы бар бейнелер, сондай-ақ террористік ұйымның символы – ту бар. И. есімді азамат сақтаған аудио жазбалар соғыс қимылдары мен азап шегушілік жайындағы әндер. Дінтанушы сарапшылар атап өткендей, мұндай аудиожазбаларды террористік ұйымдар өз қатарына жаңа жақтастарды тарту үшін пайдаланады. Айтпақшы, мұндай насихаттың Қазақстанда кең таралған дәстүрлі исламға еш қатысы жоқ. Бұл әндердің авторлары радикализмнің шетелдік идеологтары. Біздің еліміздің аумағында бұл аудиоматериалдарды таратуға және пайдалануға тыйым салынған", – деді басқарма қызметкерлері.
Соған қарамастан, жас жігіт аталған материалдардың заңсыз екенін білмейтінін, өзінің кінәсін мойындаған және аудио мен фотосуретті жабық аккаунтта сақтағанын және оны жеке мақсатта пайдаланғанын айтқан. Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік соты И. есімді азаматты кінәлі деп танып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 453-бабының 4-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартты. Ол жасаған әрекеті үшін 190 мың теңгеден астам айыппұл төлеуі тиіс. Үкім заңды күшіне енді.
"Бүгінде адамдар интернеттен кез келген ақпаратты, соның ішінде дін туралы ақпаратты іздеуге дағдыланған. Олар әлеу-меттік желілердегі топтарға тіркеледі және онда экстремистік сипаттағы материалдар орналастырылуы мүмкін деп күдіктенбейді. Кей адамдардың, әсіресе, жастардың діни сауаттылығы төмен болғандықтан, оларды адастыру оңай. Сондықтан азаматтарға діни әдебиеттерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орыс православие шіркеуінің ресми интернет-ресурстарынан ғана алуға кеңес береміз", – деп атап өтті ведомствода.
Адасушылықтан ада болсам деген адам ресми рұқсат етілген материал-шығармаларға ғана сүйенгені абзал. Ол үшін өңіріміздегі кез келген мешітке барып, сол жерден өзіңізге қажетті ақпаратты ала аласыз.
Айталық, бүгінде облыстық мешіттің кітапханасында 2,5 мыңнан астам діни-танымдық әдебиеттер бар. Биылғы Рамазан айы барысында кітаптар санын үш мыңға жеткізу жоспарда бар.
– Бұл кітап қорымыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мақұл-дап, тіркеуге алған және еліміздің аумағында оқып-үйренуге рұқсат етілген туындылар. Яғни, Ислам тарихы, Ислам негіздері, Пайғамбарымыздың өмірбаяны мен хадистері бар діни кітаптарды Қостанай жамағаты, соның ішінде жастар кешкілік уақыттарда арнайы келіп оқып отыруға жағдай жасалған. Оның сыртында әдебиеттерді үйлеріне алып оқуға да мүмкіндік қарастырылды, – дейді Қостанай облыстық "Марал ишан" мешітінің наиб имамы Тимур Төребаев.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓