Көкейдегіні дөп басып…

Бибиш РакымжанкызыҚазіргі "Қостанай таңы" сонау "Большевиктік жол" болған уақыттан оқыған газетім еді. Бұл менің бала кезім, Ұлы Отан соғысы жылдары болатын. Ақсуат еліндегі біздің үш бөлмелі үйіміздің бір бөлмесін колхоздың кеңсесі қылды. Әкем әскерге 1942 жылдың қысында кеткенде шешем 36 жасында үш бірдей баламен қалған-ды. Анамыз сол кеңсенің еденін сыпырушы, от жағушы және курьер қызметтерін істеді. Кейінірек колхоздың басқа жұмысына ауысқанда, бұл жұмысты 8 жастағы маған тапсырды. Ауылдан 15 шақырым жердегі "Құр-сай" деген жерде егін егіп, тіркемеші қызметін атқарды. Аласапыран соғыс уақытына қарамастан кеңсеге газет-журналдар үзбей келіп тұратын. Сол басылымдарды оқып, қарап болған соң қабырғадағы темір сым ілгішке іліп қою менің міндетім болатын. Мектепке бармай-ақ апам – Қайнешке, бөлем – Алданышқа еріп, сауатымды ерте аштым. Әлгі басылымдарды жүгіртіп оқып шығатын дәрежеге жеттім. Әсіресе, "Бас редактор бағаны" айдары жиі шығып, соны тұшына оқитын едім. Көрші-көлем ата-әжелерім келгенде соғыс жаңалықтарын оқып беруімді өтінетін-ді. Сауатым болғандықтан олардың көңілін қайтармай, барынша әсерлі оқуға тырысатынмын. Міне, содан бері қаншама жыл өтті десеңізші?! Сонда да сүйікті басылымым – "Қостанай таңынан" бір ажырап көрмедім. Бірақ әлде бір себептермен бе білме-дім, соңғы жылдары "Қостанай таңынан" "Бас редактор бағаны"  көрінбей кетіп, міне, жаңа редактор тағайындалғаннан кейін бе, қайта қауыша бастадық.
Бұл айдардың ұнағаны сонша, мен әлі күнге дейін мектепте тәрбиеші болып жүріп, кітапханада сарыла отырып, көз майымды тауысып, тәрбиелік тақырып іздемей-ақ, шәкірттерімді осы газет арқылы тәрбиелер едім. Сөйтіп, тәрбие сағатын аптасына бір рет емес, үш рет кеңейтілген түрде өткізе беруге де дайынмын. Мәселен, газеттегі "Айсананы" алайық, бұған "екіжүзділік, көрсеқызарлық, тұрақсыздық" деп, ал "Бес жапон және Бауыржанға" "Алмас қылыш қап түбінде жатпайды" деп, тіпті, Бауыржан Байбектің өмірін де қосып қояр едім. Ал, "Мінез" пікір таластыру үшін сынып сағатын өткізуге таптырмас тақырып. Сондықтан да ұстаздар қауымы, газет бетіндегі осындай дайын тәрбиелік мәні бар тақырыптарды пайдаланып, іс барысында қолданыңыздар! Газетті үзбей жаздыртып алыңыздар дегім келеді. Басылымды үзбей оқығандықтан, өңіріміздің тыныс-тіршілігін ой елегінен өткізгендіктен осылай деймін! Елден келген туыстар "Қостанай таңының" дүңгіршектерде неге сатылмайтындығын сөз еткен-ді. Енді бұл мәселе де шешіліп, жөнін тапты. Газет ұжымына көп рақмет. Қазір "Бас редактор бағаны" "Бас редактор әлемі" болып өзгеріп, мақаланың түр-әлпеті түрленіп, мазмұны кеңейіп келеді. Оқырмандар атынан газет ұжымына осындайда алғыс айтқанымыз абзал!
Бибіш Рақымжанқызы,
қарт ұстаз.
Қостанай қаласы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓