«Жасыл ел» іске кірісті
Арқалық қаласында 16 мен 29 жас аралығындағы жастар арасында «Жасыл Ел» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға тілек білдірушілерді тіркеу басталды.
Бағдарламаны жүзеге асыру аясында жастар айлық жалақысы 40500 теңгені құрайтын қысқа мерзімді жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
Мемлекеттік бағдарламаны Арқалық қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тапсырысы бойынша «Жастар азаматтық бастамалар» орталығы жүзеге асырады. Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 12 млн теңге бөлінген. Бұл науқан сәуір айынан қыркүйек айына дейін жалғасып, 120 жасты жұмыспен қамтиды.
Атап айтқанда, жастар 5 мың ш.м алаңға жас көшеттерді, гүлзарларды отырғызуға және күтуге қатысады. Жалпы, жасылелдіктердің жұмысында көгалдандыруды қала әкімдігі ғимаратының аумағында, қаланың барлық саябақтары мен алаңдарында жүргізу, сондай-ақ қала іргесіндегі су қоймасының жағалауын ретке келтіру жоспарланған.
Бүгінде алғашқы лектегі 20 жас қаланы абаттандыру жұмыстарын бастап кетті.
Мұрат
Жүнісұлы
Арқалық қаласы.