Махабаттың мәңгілік маздағы
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романының негізгі өзегі – мәңгілік махаббат тақырыбы. Қалың оқырманның сүйікті шығармасына айналған, аға буынның жастана жатып оқыған, ұрпақты адал махаббатқа, шынайы достық пен сертіне берік болуға тәрбиелейтін аталмыш романды «Фолиант» баспасы жазушының келер жылғы 100 жылдық мерейтойына орай қайта шығарды.
Аты аңызға айналған осы романның желісімен «Mq production plus» кинокомпаниясы түсірген «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясы «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан 25 бөлім болып көрермен назарына ұсынылып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленгені күні кеше ғана еді.
Бұл кітаптың мұқабасына бейнелері бедерленген актерлер Ермек Тұрғанбек (Ербол) пен Нарқыз Айдарованың (Меңтай) Алматыдан арнайы ұшып келіп, кітаптың тұсаукесеріне қатысуы да «Фолиант» сауда үйінің жаңа ғимаратына жиналған көпшіліктің ыстық ықыласын туғызды.
Таныстыру рәсімін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. Өз кезегінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист-жазушы Қайсар Әлім Әзағаңмен жақын араласқан достығы туралы әңгімелеп, нәтижесінде туған «Махаббат жыршысы» кітабы мен өзі құрастырған «Құдай-ау, қайда сол жылдар?!» естеліктер жинағын басты рөлдерді сомдаған актерлерге табыс етті.
Талантты жас актерлер Ермек пен Нарқыз оқырмандар мен көрермендердің сұрақтарына жауап бере келіп, Н.Исабеков басқарып отырған баспаның осы бастамашыл ісіне ризалықтарын білдірді. Сондай-ақ, «бұл түсірілім барысында қандай бір елеулі, қызық оқиғалар болды, өз тағдырларыңызға қатысты ой бөлісе аласыздар ма?» деген сауалдарға орай, олар шынай сезімнің салтанат құруының жарқын да таңданарлық мысалын келтірді. Былтырғы қырқүйек айының соңында телесериал түсіріліп бітісімен, ертеңіне екеуінің некесі қиылыпты. Міне, өнер күші, сезім құдіретінің тосын да таңғаларлық тылсым әсері осындай жас отаудың шаңырақ көтеруіне себеп болыпты-ау!
Барша оқырмандарға махаббатты жылдар мол болсыншы!
Нұрбек СӘБИТҰЛЫ.
Суреттерде: тұсаукесерден көрініс.
Нұр-Сұлтан қаласы.