«Тобыл» «Тұранды» жеңді
Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында «Тұранды» ірі есеппен жеңді. Турнир кестесінде қостанайлық клуб алдыңғы орындардың бірінде келе жатқан болатын. Ал, «Тұран» көш соңында жүрген клубтардың қатарында келеді.
Жетінші турдағы кездесуде алғашқы минуттан алаң иелері тізгінді өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде, Қостанайға жақында қосылған Неманья Николич 8-минутта есеп ашты. Ал, 44-минутта «Тобыл» капитаны Азат Нұрғалиев пенальтиден есепті еселеді.
Екінші кезеңнің 63-минутында Неманья Николич кездесудегі екінші голының авторы атанды. Ол қарсылас қорғаушыларының қателігін сәтті пайдаланып кетті. Қостанайлық қорғаушы Дмитрий Мирошниченко 76, Жасұлан Жұмашев 84-минуттарда мергендігімен көзге түсті. Осылайша, «Тобыл» қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті. Нәтижесінде, 15 ұпаймен турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. Көш басында 17 ұпаймен «Астана» тұрса, үздік үштікті 14 ұпаймен «Тараз» түйіндеп тұр.