Оқырман неге қапалы?

Қазір қоғамды ақпараттық-техногендік заман билеп тұр десек те, бұрынғыдай мерзімді баспасөзге жазылып, газет-журналдың әр санын тағатсыздана күтіп отыратын оқырман қауымның қарасы азайған жоқ. Қалада болсын, мейлі ауылда, ел жаңалықтарын газет арқылы оқып, біліп отыратын ағайын жетерлік. Облыс тұрғындарының біраз бөлігі аудандық, облыстық басылымдарды үйге жаздырып алады. Әлі күнге газеттің әр нөмірін тігіп, қаттап отыратын кісілер де бар.
– Біздің газет 1300 данамен тарайды. Аудан жұртшылығы үнпарақтың әр санын асыға күтіп отырады. Тіпті, кейбір үлкен кісілер газеттің сандарын тігіп қойғанын көріп жүрмін. Біз де өз газетіміздің оқырман қолына уақытында жеткенін қалаймыз. Бірақ, кей жағдайда «Біздің Торғай» тұрғындардың қолына кеш тиеді немесе мүлде бармай қалады. Мәселен, қыстың күні газеттің №47-ші саны оқырмандар қолына тимеген. Ауыл адамдары: «Газетіңнің мына саны жоқ, нөмірлеп отырамыз. Қайда қарап отырасыңдар?» деп налиды. Түнеукүні аудан әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуі өткенде Ақкөл, Қарасу, Қызбел ауылдарында осы мәселе көтерілді, – дейді Жанкелдин аудандық «Біздің Торғай» газетінің Бас редакторы Байбатыр Ахметбеков.
Мәселенің анық-қанығын білмек болып, «Қазпошта» АҚ Жанкелдин аудандық бөлімшесінің директоры Махаббат Бидашеваға жолықтық. Ол кісі айтады: «Бізге ауыл тұрғындарынан ешқандай шағым келіп түскен жоқ. Иә, қыстың күндері ауа райынының қолайсыздығына байланысты шалғай елді мекендерге пошта жеткізу мұңға айналады. Бұл тек биылғы жағдай емес, жылда осындай келеңсіздікке тап боламыз. Бірақ, табиғаттың тосын құбылысына қарсы келер қауқарымыз жоқ. Әйтпесе, осы мекемеде алды қырық екі жылдан бері үзбей істеп келе жатқан тәжірибелі мамандардың қателесуі мүмкін емес», – деп жауап берді.
Жалпы, мұндай жағдай – жалғыз «Біздің Торғай» газетіне ғана тән емес. Облыстың бірқатар өңірінде мерзімді басылымдардың кей нөмірі оқырмандардың қолына мүлде тимей қоятыны бар. Тіпті, облыстық «Қостанай таңы» газетінің оқырмандары да көрген жерде осы тақылеттес шағымдарын айтып қалады. Басылымның байырғы оқырманы Бижан Төрегелдин газеттің екі-үш нөмірі келген жоқ деп отыр.
– Мен сияқты зейнеткерлер азын-аулақ зейнетақысынан жырып газетке жазылады. Соның өзі кейде қолға тимейді. Баяғы кеңес уақытындағыдай топтап газет-журналдарға жазылып жатқан жоқпыз. Жаздырып алатынымыз екі-үш газет. Одан арғысын қалта көтермейді. Мен өзім қырық үш жылдан бері «Қостанай таңының» тұрақты оқырманымын. Газеттің бір нөмірі кешіксе, кәдімгідей қобалжи бастаймын. Басылым уақытында келсе, әйдік қуанып қаламыз. Газетті тасымалдаушы «Қазпоштаның» қыметкерлері біздің осы мәселемізді ескерсе екен, – дейді еңбек ардагері.
Алыс аудандағы жағдай мен қостанайлық ақсақалдың жан-айғайын «Қазпошта» АҚ облыстық бөлімшесінің басшыларына жеткізген едік.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, қыстың күні алыс аудандарға пошта қатынату өте қиын. Әсіресе, жауынды-шашынды күндері мүлде жол болмай қалады. Пошта Торғайға жетсе, одан әрі ауыл-ауылға жеткізу мұң. Мұндай проблеманың барын жасырмауымыз керек. Қыста жолдың болмауынан көліктер Қарасу, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандарына шыққан жоқ. Ал енді «Қостанай таңы» газетіне байланысты шағымдарға келсек, «Береке» шағын ауданынан хабарласқан кісілер болды. Оларға газет уақытылы жетпей қалған. Біз мұны тексердік. Дәл сол кезеңде пошта тасуға жас қыз баланы қабылдаған едік. Ол үйренгенше бірталай уақыт өтті. Үйлердің нөмірін шатастырып алған кездері болды. Бұл проблема қазір шешілді. «Қазпоштаның» «Қостанай плазадағы» бөлімшесінде үш пошташы жұмыс істеген. Оның бірі коронавируспен сырқаттанып қалды. Екіншісі жұмыстан өз еркімен шықты. Үшінші қызметкеріміз денсаулығына байланысты поштаны уақытында жеткізіп бермеген. Сондықтан, біз жедел түрде оларды алмастыратын адам іздедік. КСК шағын ауданынан да екі шағым түсті. Оны да кейін анықтадық, пошта тасушы тұрғындардың мекенжайын шатастырып алған. Қазір бәрі орнына келді. Қалай десек те, біз кез келген тұрғынның шағымын бей-жай қалдырмаймыз. Бәріне дер кезінде жауап береміз, – дейді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Қайрат Сағадиев.
Айтпақшы, пошта қатынасына қатысты мәселе Б.Майлин атындағы ауданға да тән боп шықты. Біз сөйлескен аудан тұрғындары екі-үш айдан бері газет-журнал, хат-хабар кешігетін болды дейді. Кей жағдайда мүлде қолдарына тимейтін көрінеді. Биағаң атындағы аудан тұрғындарының өтініш-тілектерін «Қазпошта» АҚ-ы қаперге алады деп сенеміз.
Өткен ғасырдың басында Ұлы Ахмет Байтұрсынұлының: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген уәлі сөзі жиырма бірінші ғасырда да өз маңызын жоя қойған жоқ. Жұрттың көбі әлі мерзімді баспасөзге арқа сүйейді. Тасқа басылған ақпараттың шынайылығына сенеді. Демек, оқырмандарға мерзімді баспасөзді жеткізу уақыт күттірмейтін шаруа.
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.
Торғай-Қостанай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓