Қазақстандық екпенің алғашқы легі
Өңірімізге коронавирусқа қарсы қазақстандық «QazVac» вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді. Екпе дозалары арнайы тоңазытқышқа салынады әрі белгілі температурада сақталады. Аймаққа жалпы 2 мың дана отандық вакцина жеткізілсе, препараттың 250 дозасы Қостанай қалалық №3 емханасына бөлініп отыр. Оның елуі бірден егу пунктіне жөнелтілді.
«QazVac» вакцинасын ерікті түрде салу науқаны басталады. Бүгіннен бастап емхана ішінде және сауда ойын-сауық орталығындағы егу пунктінде де «QazVac» вакцинасы салынатын жеке кабинетіміз бар. Жұртшылыққа вакцинаның қазақстандық екенін хабарлап жатырмыз. Аллергиялық реакциясыз, жеңіл әрі денсаулығыңызға кері әсері болмайды», – деп атап өтті қаладағы №3 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Ольга Ткачук.
Аталған емдеу орнында алғашқы күні бір сағаттың ішінде 8 адам қазақстандық вакцина алды. Айта кетейік, вакциналау басталғалы бері мұнда 2,5 мыңнан астам адам екпе қабылдаған. Кез келген адам вакцина ала алады. Бірақ жүкті әйелдер, балалар, созылмалы аурулары бар емделушілер екпеден босатылған. Сонымен қатар, арнайы бригада бұдан былай түзеу мекемелерінің қызметкерлері мен жазасын өтеушілерге вакцина салуға шығады. Екпе жасау ерікті түрде жүргізіледі.
Бұл екпе де бұлшық етке салынады. Тек жүкті келіншектерге, емізулі баласы бар әйелдерге және 18 жасқа толмаған балаларға кері көрсеткіші бар. Дәрігерлер отандық вакцинаның әлі де жеткізіле беретінін және оның саны күн сайын артатынын айтады.
Қазақстандық компонет пен ресейлік вакцинаның басты айырмашылығы – олардың сақталу температурасы әртүрлі. Мәселен, бұған дейінгі «Sputnik-V» –20 градус салқында сақталса, қазақстандық компонет +2 мен +8 градус жылылықта тұра береді.
Айта кетейік, QazCovid-in вакцинасы химиялық заттардың әсерінен бейтараптандырылған вирус негізінде жасалған. Алғашқы отандық екпені ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алды.