ШЫРҚЫРАҒАН ШЫБЫН ЖАН
Соғыс салдары
Ресей билігі әскерге жарамды азаматтарын Украин-Ресей соғысына ішінара жұмылдыруы сол еді, 18 бен 35 аралығындағы зіңгіттей орыс жігіттері көрші мемлекеттерге лап қойды. Азаматтық борышын өтеуден бас тартқандардың дені Гүржістанды бетке алған. Финляндия, Польша іспетті елдер шекарасын шегендегені сол еді, Еуропаға асыққан босқындар қазақ еліне бет бұрды. Сондағысы Қазақстанды транзит есебінде пайдаланып, батыста бас сауғалау. Біздің елде қалып қойғысы келетіндер де жетерлік.
Мобилизация жарияланған 21-30 қыркүйек аралығында Қостанай облысы арқылы 11 мыңнан астам Ресей азаматы ел аумағына еніп үлгерді. Әлі де кіріп жатыр. Көріксіз көшті көзбен көру мақсатында, Қарабалық ауданына қарасты «Қайрақ» шекара бекетін бетке алдық.
– Көрші елде ішінара жұмылдыру науқаны басталған күні «Қайрақ» шекара бекеті арқылы 300-ден астам көлік кірді, – дейді «Рубеж» бақылау қосынында қызмет атқарып жүрген Патрульді полиция ротасының аға инспекторы Данияр Бауыржанұлы. – Сол күндері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуімізге тура келді. Осы арада шұғыл әрекет ету жасағы, көші-қон полициясы және патрульді полиция бірлесе жұмыс атқарды. Көлік ағынын реттеп, жағдайды барынша бақылауда ұстауға тырыстық.
Такси
Көлікпен өткенінен бөлек, шекараны жаяу кескендері қаншама. Босқындар мұндай қадамға баруға дүрбелең уақыттағы көлік кептелісінің себеп болғанын айтады.
– Қазақстанға Орынбор жақтан кіргіміз келген болатын, – деді шекараны жаяу кесіп өткен Даниил есімді Ресей азаматы. – 28-ші қыркүйекте шекарадағы 20 шақырымдық көлік кептелісіне тап болдық. Бір тәулікте кезек 500 метрге ғана жылжыды. Айналып, Челябі жағынан келуімізге тура келді. Тағы көлік кептелісіне тап болармын деген қауіппен шекараны жаяу кесіп өтпекке бел будым. Оным бекер екен, мына жақтан қалың нөпірді көрмедім. Екі кеденді де айналасы бір жарым сағатта кесіп өттім.
– Күтіп алар адамың, тоқтайтын жерің бар ма?
– Өкінішке орай, бұл жақта бірде-бір танысым жоқ екен. Бірақ, Қазақстанның солтүстік өңірінде орыстілділер, славян ұлт өкілдері көп деп естідім. Шеттетпес деп үміттенемін, – деді Даниил.
Расымен де, кеден бекетінің бергі жағында тұрған қазақстандық таксистер Даниилді өз бауырындай қарсы алды. Бергі бетке өткен жігітке жиылып тұрған 5-6 таксист жиенін қарсы алғандай тұра жүгірді. Арасындағы пысықай бір ағамыз көрші елдің азаматын қолтықтап алып, өз көлігіне тартты. Қалғандары қоңқылдасып, даурығып шекарадан өтер өзге азаматтарды күтіп қала берді…
– Аға, қалаға дейін қанша аласыз? – деп сұрадым күңкілдесіп тұрған таксистердің бірінен.
– Адам басына 5 мың теңгеден. Жүр, көлігімді көрсетейін, – деп елпеңдей жөнелді елуді еңсерген ел ағасы. – Тағы екі адам шықсын, сосын кете береміз. Жүр, алдыңғы орынға жайғастырайын. Артта екі адам еркін барады…
– Аға, мен жолаушы емеспін. Жәй сұрап жатқаным ғой…
– Әй, әкеңнің… (жақсылап сыбап алды да) нанымызға ортақтаспай жәйыңа жүр! Осы араның өз таксилері адам таппай отырмыз! Керек болса Қарабалықтан әкет!
– Аға, мен тілшімін. "Қостанай таңынан" келдім. Шекарадағы қазіргі жағдай жөнінде материал әзірлеп жатыр едім.
Қызарақтап қалған ағамыз: – Мен сені таксист екен деп қалдым. Кешір, бауырым. Боқтағанымды газетке жазып жүрерсің, – деп күліп, ағынан жарылды. – Кешелі бері жұмыс жөнді жүрмей тұр. Алдындағыдай адам жоқ.
– Алдында қалай еді?
– Жаяу жүргінші көп болды. Такси аз. Осы арада тұрғандарға таласа-тармаса мың рубльден (7500 теңге шамасы) өздері мінді. Тікесінен Астанаға жол тартқандар әр адамға 3 мың рубльге (22500 теңге шамасы) дейін төлеп кетіп жатты.
– Шектен тыс қымбат екен…
– Өздерінің ұсынғаны. Ешкім оларды қинаған жоқ! – дік еткен таксист аға теріс айналып кетті…
"Жанымның садақасы"
Расымен, қаржыдан қиналған ресейліктерді көрмедім. Біздің жақта тұрақтай тұруды жөн көрген Серафим есімді азамат Ресеймен салыстырғанда Қазақстанда күнкөріс әлде-қайда арзан екенін зерттегенін айтты.
– Сіздің жақта жағар май, қызмет көрсету, азық-түлік пен пәтер ақысы ресейлік мегаполистермен салыстырғанда әжептәуір арзан екен. Қалыңдығым екеуміз 1500 рубльге қалаға жетіп алғалы тұрмыз. Пәтерді 25 мың рубльге келісіп қойдық. Мәскеуде мұндай сомаға қуықтай бөлме таппайсыз. Шығынның орны толар, бастысы – бас аман болсын, – деді ол.
– Алаңсыз екенсіздер…
– Неге олай дедіңіз?! – Серафимнің қалыңдығы Аня әңгімеге араласты. – Осы тұрғанымызда ішіміз қан жылап тұр. Өз үйімізді, жақындарымызды қимай келе жатырмыз. Биліктің басқыншылық әрекетінің салдарынан жыраққа кетуге мәжбүрміз. Мен, соғыстың қандай болатынын жақсы білемін. Менің әкем де шешем де әскери адамдар. Әкем Шешен соғысына қатысқан. Психикалық ауытқу, ішімдікке салынуы – соның салдары. Серафим де сондай жағдайға ұшырамасын деп, жылдамдатып елден кетуді жөн көрдік.
– Мен, қашқын емеспін! – Серафим қалыңдығының сөзін бөліп жіберді. – Ресейде студенттерді әскерге алмайды. Мен, студенттердің қатарынанмын. Бірақ, бұл да уақытша ма дедім, (соғысқа) адам жетпей жатса шақырту беріліп қалуы да ықтимал. (күрсініп) Тағдырымды сынап қайтейін, кеткенді жөн санадым.
– Қанша болмақ ниеттесіздер?
– Көп болмаймыз! Уақыт оздырып, Грузияға кетпек ойымыз бар. Сол жақта ағайын-туыс, бауырларымыз тұрады. Ол жаққа бірден кеткіміз-ақ келген, бірақ, сырт мемлекетке шығу үшін шетелдік паспорт қажет. Ал Қазақстанға Ресейдің ішкі паспортымен ене беруге болады.
– Бергі бетке өтіп жатқандар көп пе?
– Біздің жақтан (Ресей жағын меңзейді) өткісі келетіндер көп. Бірақ, басым бөлігін кері қайтарып жатыр. Көзімізше 2-3 адамды военкоматқа алып кетті. Оны көргендер артқа қарай кетті. Кеден бекеттеріне "мобильді военкомат" қосымшасын енгізуде. Сол арқылы әскерден қашып жүргендерді анықтап, бірден әкетеді. Аталған бағдарлама әзірге барлық кедендерге жете қойған жоқ. Жұрт осы қосымша енгізілмеген жерлерді іздеп жүр.
"Өлгім келмейді…"
Серафимнің бұл сөзін кеденнен көлікпен өткен Богдан мен Михаил есімді екатеринбургтықтар да растады.
– Екатеринбургте әскерге шақырту қағазын үйді-үйге таратқаны былай тұрсын метро, вокзалдарда да тоқтатып, қолға ұстатып жатыр, – деді Михаил. – Осыған байланысты арнайы Телеграмм каналдары жұмыс істей бастады. Онда қай жерлерде көшпелі военкоматтардың жұмыс істеп жатқаны, қай жерде әскерге шақырту қағаздары беріліп жатқаны жайлық ақпарат жарияланып отырады. Сол аралардан қашық жүруге тырысамыз.
– "Мобильді военкомат" қосымшасы туралы ақпаратты да сол Телеграм каналдарынан біліп отыруға болады, – деп әңгімеге араласты Богдан. – Қазақстанмен арадағы шекара бекеттерінің басым бөлігіне осы бағдарлама енгізіліпті. Тек, "Бугристое" кеден бекеті мен Қорған жағындағы кеден бекетінде бұл бағдарлама іске қосылмаған деген ақпаратты естіп, осы жаққа жол тартқан болатынбыз. Біз жеткенше бағдарлама да іске қосылыпты. Басқа бекеттерге барар уақыт тапшы. Бүгін (30 қыркүйек) Путин төрт облысты Ресей құрамына қосу жөнінде мәлімдеме жасайды. Одан кейін жағдайдың ушығары белгілі. Амал жоқ, нар тәуекел деп өтуге тура келді. Әйтеуір, аман-есен өтіп кеттік.
– Сіздер бұл аймақтарды (Ресейдің басып алған облыстары) мойындамайсыздар ма?
– Әрине, мойындамаймыз! Бұл облыстарды да Қырымды да құрамына текке қосып алды. Мемлекеттік қордың басым бөлігі осы елді-мекендерді гүлдендіруге жұмсалып жатыр. Ресейдің онсыз да ұлан-ғайыр елі, жері бар. Жарылқағысы келсе алдымен, соларды жарылқауы тиіс еді. Жеке адамның пиғылынан тұтас ел зардап шегуде!
– Ол адам үшін соғысудың, өзгені өлтіріп, өлім құшудың қажеті жоқ! – әңгімеге көлік шопыры араласты.
– Сізді де соғысқа шақырды ма?
– Жоқ, менің жасым елуден асып кетті. Әскери міндеттілердің санатынан сызылғанмын. Ішкі қарсылығыммен елден кетуді жөн көрдім. Ресейдің күні қараң! – деді шопыр.
– ?!
– Билік басындағылардың басқыншылық әрекетіне халық онсыз да қарсы болатын, – деп сөзін сабақтады Михаил. – Ішінара жұмылдыру науқаны ел тұрғындарының наразылығын үдетіп жіберді. Азаматтар қызметтерінен бас тартып, бас сауғалап кетіп жатыр. Жұмыс істейтін адам болмай, қаншама мекеме қаңырап жатыр. Мықты деген мамандардың барлығы мүмкіндігінше елден кетуге тырысуда. Немесе жұмысына бармай бас сауғалап жүр. Осылай жалғаса беретін болса еңбек етер адам қалмайды.
– Соғыс – кез-келген экономиканы күйрететін құбылыс. Соғысқа жұмылдырылған жұрт қайтіп жұмыс істейді? Ал жұмыс істелмесе тұрмыс та төмендейді. Ресейдің күні онсыз да қиын еді. Мына соғыс әбден қалжыратып жіберді, – деп күрсінді Богдан. – Елден кеткім келмеді. Бірақ жан-жағымдағы азаматтар біртіндеп соғысқа аттанып жатыр. Жылы орын, жақсы қызметті тастап бас сауғалауға тура келді. Үйде анам, апа-қарындастарым аңырап қалды. Бас сауғаласам – табытпен емес, тірі қайтарым анық. Қай кезде, қалай қайтарымды бір құдайым біледі. Әйтеуір бір қайыры болар деп үміттенемін.
"Арманым – азаматтық алу"
Шекарадан ойысып, Қарабалық аудан орталығына келдім. Жолай кезіккен қонақүйлердің барлығына да бас сұғып шықтым. Жол үстіндегі екі қонақ үй де, аудан орталығындағы үшеуі де кісіге лық толы. Мұндағы бөлмелер 6 мың теңгеден басталып, 15 мыңға дейін барады. Бағаның ушығып тұрғанына қарамастан, бос орын жоқ.
Қонақүй әкімшісіне жақындаған жас жігіт: "кешіріңіз…" деп сөз бастай бергені сол еді, әкімші: "Бос орын жоқ!" деп шаңқ ете қалды. Жанұшырған жігіт: "Кешіріңіз, мен сіздің қонақ үйде бұрыннан тұрып жатырмын. Жалдау мерзімін тағы 2-3 күнге ұзартайын деп едім", деп бір буда теңгесін тықпалап әлектенді.
– Тым қымбат емес пе, одан да, Қостанайға барып пәтер жалдамадыңыз ба?
– Бір аптадан бері әйелімді күтіп жатырмын. – деді өзін Павел деп таныстырған жігіт.- Жұмыстан шыға алмай, одан қалды ұшаққа билет таба алмай жолай кезіккен көліктермен келеді. Екатеринбургке енді жетіпті. Сол арада әпке-жездесінің үйінде бір тынығып, бері шығады. Амал жоқ, күтуге тура келеді.
– Қостанайға барып бір-ақ тоқтауың керек еді… Қанша дегенмен, ауданға қарағанда қалада барлық жағдай жасалған. Оның үстіне қонақ үйлердің бағасы бірдей сыңайлы. Ал әйеліңіз кеденде тұрған таксилермен қалаға жетіп алатын еді ғой?
– Шынымды айтсам, Қазақстанға дендеп енуге жүрегім дауаламай тұр, – деді Павел. – Солтүстікті білмедім, оңтүстікте орысша сөйлегендерді оңдырмайды деп естідім. Әсіресе, әскерге барған азаматтардың барлығы да қазақша сайрап келеді дейді.
– Сонда, бұл жақта қайтіп күн көрмексіз? Әлде, Қазақстан арқылы басқа елге кетуді жоспарладыңыздар ма?
– Менің әйелім Қазақстан тумасы. Қалаға барған бетте бірден құжаттарын рәсімдеп, азаматтығын жаңартпақ ниеттеміз. Сосын, некемізді заңдастырып, азаматтық алу қамына кірісеміз. Не себепті сұрап жатырсыз?
– Журналистпін… Қазіргі жағдайға байланысты мақала әзірлеп жатыр едім…
– Жағдай расымен ушығып барады. Елден тыныштық кетті. Мен секілді жас жігіттерге елде қалу қауіпті бола бастады. Әйелімді Екатеринбургте немее Челябіде күтуіме болатын еді, "мобильді военкомат" деген бағдарлама басымызға сор болды. Тәртіп сақшылары осы бағдарламамен тексеріп, кез-келген жерде шақыру қағазын қолыңа қыстыра салады.
– Онсыз да қашып жүрген жоқсыз ба?
– Шақырту қағазын алғанға дейін мен турист санатындамын.
– Тарқатып айтып берсеңіз…
– Шақырту қағазы қолыма тимейінше, мен қашқын болып есептелмеймін. Біздің жақтың заңы бойынша, мен сырт мемлекетте қонақтап жүрмін. Заңмен қудалауға ешбір негіз жоқ. Ал қолыңызға шақырту қағазы тиіп, содан кейін жоғалып кетсеңіз – сіз автоматты түрде қашқындар санатына қосыласыз. Бірінші рет шақыртқанға бармасаңыз 3 мың рубль шамасында айыппұл төлетеді. Қайтара шақырғанда бармасаңыз үстіңізден қылмыстық іс қозғалады.
– Сізді суретке түсіріп алсам бола ма?..
– Кешіріңіз, болмайды! Маған бас амандығы керек! Қазір сізге айтқаным ертең өзіме қарсы қолданылуы мүмкін!
Көшкін тиыла ма?
Тәртіп сақшыларының уәжіне құлақ асар болсақ, ресейліктер тарапынан өрескел заңбұзушылықтар тіркелмеген.
– Екі елдің жол ережелерінде айырмашылық бар, – дейді «Рубеж» бақылау қосынында қызмет атқарып жүрген Патрульді полиция ротасының аға инспекторы Данияр Бауыржанұлы. – Мәселен, Ресейде жылдамдық шегінен сағатына 20 шақырым жылдамдыққа дейін арттыруға рұқсат етілген. Яғни, 60-пен жүретін жолда 79-ға дейін жылдамдықты арттыруыңызға болады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 10-мен шектелген. Осыны білмегендер жылдамдық тәртібін бұзып жатады. Сондай-ақ, сақтандыру полистерін алуды ұмытқандар бар. Басқалай заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта штатты режимде қызмет атқарып жатырмыз. Ресейден келушілер айтарлықтай азайды. Осымен тынышталады деп үміттенеміз, – деді ол.
Сарапшылардың пайымдауынша, Ресей халқы ішінара жұмылдырудың салдарынан туындаған толқудың алғашқы легінен өткен. Украина құрамындағы төрт облыстың Ресей юрисдикциясына өтуіне байланысты, "Отан қорғаймыз" деген желеумен екінші қайтара ішінара жұмылдыру процессі қолға алынуы тиіс. Келесі шақырыстың 300 мыңмен шектелмейтінін ескерсек, босудың "көкесі" сонда басталады дейді білгірлер.
Суреттерді түсірген автор