Тәртібіне орай жазасы

2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап жаңа ҚР Қылмыстық атқару кодексі күшіне енеді. Осы уақытқа дейін қоғам талқылауында болған жаңа құжатта сотталғандардың құқығы мен заңды мүддесінің қорғалуын, қылмыстық жазаны орындаудың тиімділігін арттыруға баса мән берілген.
fullҚылмыстық-атқару кодексі жазасын өтеушілердің қоғамға бейімделуін, оларға қоғам тарапынан тәрбиелік жұмыстардың көптеп жүргізілуін қамтамасыз ету секілді жаңа баптармен толыққан. Мәселен, кодекс жобасына сәйкес, жаза тағайындау тетіктері жетілдірілетін болады. Бұл – бас бостандығынан айырудың прогрессивті жүйе бойынша жүзеге асатынын, ал бұл тетіктің енгізілуіне байланысты жазасын өтеушінің құқығы да өзгеретінін көрсетеді. Демек, жазасын өтеушінің тәртібіне байланысты оның құқығы кеңейеді я болмаса, шектеледі. Жалпы алғанда, жазасын өтеп жатқан азаматтың тәртібінің деңгейін анықтау оған жаза тағайындау мәселесіне жан-жақты және байыппен келуге мүмкіндік туғызатын болады. Яғни, мұндай үдеріс өз кезегінде сол азаматтың өз мінез-құлқы мен тәртібін түзеуіне септігін тигізуі тиіс. Осылайша, жазасын өтеген жандардың қоғамға толық құқылы азамат ретінде бейімделуіне ықпал етпек. Сондай-ақ, кодекстің жаңа жобасында соттың шешімімен полицияның әкімшілік бақылауына  алынған  азаматтардың  әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдемдесу мәселесі де қаралған. Бұл да бостандыққа шыққан азаматтардың қоғамға тез бейімделуін және олардың жаңа қылмыс түрлерін жасамауына мүмкіндік береді.
Жаңа редакциядағы Қылмыстық-атқару кодексінде сотталғандардың құқығы мен заңды мүддесінің қорғалуы ескеріледі. Осы ретте толықтырылған құжатта алдымен бас бостандығынан айыру жазасын орындау тетігі жетілдірілді. Жазаны орындаудың бұрын енгізілген прогрессивтік жүйесі қоныс-колония мен түрмелерге таралмақ. Бұл жүйе сотталғандарды ұстауды кезең-кезеңімен ауыстыру мен оларды  құқыққа  мойынсұнғыштыққа,  тәртіпке  бағынған  жүріс-тұрысқа ынталандырады.
Сотталғандармен арасында жүргізілетін тәрбие жұмысының бірден-бір әдістемесі оларды мадақтау арқылы тәртіп бұзбауға шақыру. Жазасын өтеушілердің тәртібі, еңбекқорлығы, оқуға ұқыптылығы, өз еркімен еңбек етуі және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысулары ескеріледі. Оларды мадақтау үшін алғыс хат беру, сыйлық ұсыну, қысқа мерзімде туған-туыстарымен кездестіру, бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде азық-түлік және мереке күндері қажетті құралдарын алуға рұқсат беріледі. Кесілген жаза мерзімі де тәртібіне орай қысқарады.
Жазасын  өтеушілерді  марапаттау  және  жазалау, мерзімді қысқарту мәселелерін мекеменің лауазымды тұлғалары ғана шешеді.
М.МҰХТЫБАЕВ,
ҚР ІІМ ҚАЖК УК-161/1 мекемесінің басшысы міндетін атқарушы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓