Көшпелі көрме астанада
Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің «Даланың дара ұстазы» атты көшпелі көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Ұлы ағартушының 180 жылдық мерейтойына арналған іс-шара аясында «Үміт еткен көзімнің нұры балам» тақырыбында дөңгелек үстел, ғалым Серікбай Оспановтың «Ыбырай жолы» кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.«Бұл – екі музейдің бірлескен іс-шарасы. «Даланың дара ұстазы» көшпелі көрмесінде мұражай қорындағы бірегей құнды жәдігерлер қойылған. Атап айтқанда, мемориалдық класс (ХХІ ғасырдағы мектеп үлгісі), «Шариғатул-ислам» кітабының түпнұсқасы, Ы.Алтынсариннің отбасы қолданған төсекқап, жазу құралы, Ы.Алтынсариннің ас ішкен ағаш табағы мен қымыз ішкен тостағаны (немересі Нағима апа табыстаған), Торғайда 1864 жылы ашқан тұңғыш қазақ орта мектебінің саман кірпіші, 1884 жылғы Қостанайдағы Ыбырай мектебінің кірпіші, ағартушы ашқан мектептердің картасы мен макеттері бар», – дейді Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің директоры М.Оспанов.
С.Оспанов "Ыбырай жолы" кітабы туралы да кең көлемді мәлімет бере өтті.
"Мен 30 жыл бойы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын зерттедім, 13 кітап шығардым. Әр кітап шыққанда тағы бір жаңалықтарды тауып аламын. Бүгінгі «Ыбырай жолы» кітабы 800 беттен, 6 тараудан тұрады. Мемлекеттік архивтен бастап, Омбы, Мәскеу, Қазан, Ыбырай оқыған Орынбор арихвтерінен алынған тың мәліметтер енгізілген. Бұл еңбек сонысымен құнды. Мысалы, Ыбырайдың "Сәтемір хан" деген әңгімесі бар. Сол Сәтемір хан, сұрастыра келе, Ақсақ Темір болып шықты. Ханның көп кезіге бермейтін есімін білгені де – Ыбырайдың данышпандығы", – дейді зерттеуші.
Сондай-ақ, көрмеде Ыбырайдың нағашы атасы Шеген бидің шапаны, тұтынған келі-келсабы, тұлғаның әдеби мұралары, этнографиялық очерктері мен фотосуреттер және т.б. жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылған.
Көрме 20 сәуірден 5 мамырға дейін жұмыс істейді.
Аслан Қанғожин