Аймақтық коалиция қолдайды
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мұрындық болуымен «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің аймақтық коалициясының отырысы өтті. Ел өміріндегі елеулі саяси оқиғаның қорытындысы талқыланған жиынға коалиция мүшелігіндегі партия жетекшілері мен белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар және Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері қатысты. Коалиция мүшелері президент сайлауының нәтижелеріне қолдау білдіріп, мемлекет басшысының белгілеген он бағытын талқылады. Қазақстан халқының ертеңі мен ел экономикасына тікелей әсер беретін бірден-бір жоба екендігін тілге тиек етті.
-Президентіміз Қасым – Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыруда біздің ауызбіршілігіміз бен ынтымағымыз керек. Бәріміз осы мақсаттарды жұмыла жүзеге асырамыз деп сенемін. Ел экономикасының, елдің мүддесі мен халықтың әл- ауқатының тұрақты дамуы үшін аянбай еңбек етуіміз керек, – деді аймақтық коалиция төрағасы Михаил Дәуенов.
Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Президентті ұлықтау рәсімінде, мемлекет басшысы он негізгі бағытты айқындап берген болатын. Атап айтар болсақ, халықтың табысын арттыру, баспана жайы және жұмыссыздық мәселесін шешу. «Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисембаевтың сөзінше, Мемлекет басшысының билік пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты әрі қарай дамыту қажет.Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық қоғамның дамуына тың серпін беріп қана қоймай, жаңғыру мен реформалардың тың өзегіне де айналады.
– Жаңа сайланған Президент – саяси экономикалық және әлеуметтік тұрғыда маңызды белестерді бағындыруына себепкер болатыны анық. Еліміздің алдында біраз үлкен мақсаттар тұр. Соларды жүзеге асырып, елдің мүддесі мен халықтың болашағы үшін барлығымыз бірігіп қызмет етуіміз қажет, – деді Ж. Бисембаев.
Жиын барысында саяси партия өкілдері де өз ойларын ортаға салды. Кезектен тыс Президенттік сайлау еліміздің заңдарына сәйкес, барлық талаптарға сай өтті. Енді халық таңдаған Президент сайлауалды бағдарламасын іске асырып, әлеуметтік салаға баса назар аударуы тиіс дейді сайлау нәтижелерін қорытындылаған коалиция мүшелері.Елдегі жетекші саяси партиялардың, Ассамблея мен қоғамдық бірлестіктердің төрағалары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси алаңын толық қолдайтындарын айтты.
Шара соңында үндеу қабылданды. Маңызды құжат қазақстандықтарды, бірлікке, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік сақтауға шақырады.
Әсел ҚИБАШ