Ән әуесіндегі Әбілахат

"Қазақ әнінің маршалы" атанған ғаламат сазгер, әйгілі Әбілахаттың ән әлемінде қалдырған ізі мәңгілік. Тек, біртуар жерлесімізді өскелең буын қаншалықты біледі? Заманы бөлек, талғамы басқа жаңа толқынға әуен-саздан маржан өрген тұлғаны насихаттай алып жүрміз бе? Біздің ұғымымызда сұңғыла сазгер туралы көбірек айтылып, жиірек жазылуы керек. Осы мақсатта оның өмір дерегі мен шығармашылық баянына тоқталуды жөн көрдік.
Әбілахат Еспаев 1925 жылы 25 қазанда Қостанай қаласында дүниеге келген. Әкесі Смағұл – көзі ашық, көкірегі ояу, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринмен аталас болды. Тобыл-Торғай өңірінде басталған жаппай ашаршылық, қуғын-сүргін дәуірінде әкесі Әбілахаттың алты жасында еліміздің оңтүстік өңіріндегі Меркі ауданына қоныс аударыпты. Болашақ композитордың тырнақалды туындысы "Туған ел” деп аталады. Бұл танымал әнді мектеп қабырғасында, 17 жасында, А.Сапақов деген қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің өлеңіне жазылыпты.
Мектеп бітірісімен Ә.Еспаев өз өтінішімен 2-дүниежүзілік соғысқа аттанады. Жойқын Днепр шайқасына қатысып, контузия алады. Оның өмрінің соңына дейін тұтығып сөйлеп өтуінің себеі осында екен. Ол қиян-кескі майдан жайында "Днепро туралы жыр” атты ән жазды. Сөзі – сыршыл ақын Сырбайдікі. Әбілахат әскери салада біліктілігін жетілдірді. Ресейдегі училищені үздік тәмамдады. Кавказ аймағында қызмет те етті. Алайда іштей тағат таптырмай, көкірегін кернеген, жүрегін тербеген әуен-саз оны музыка әлеміне алып келді. Құрманғазы атындағы консерваторияның композиторлық бөліміне түседі. Осы кездің өзінде ел ішіне кең тараған "Жайық қызы” (З.Қабдолов), "Маржан қыз” (Н.Шәкенов), "Жылқышы әні” (С.Мәуленов) туындыларының авторы еді.
Арттағы ғасырдың 50-70-жылдары отандық музыка өнері ерекше қарқынмен дамыды десек, ән жанрында еселі еңбек еткен сазгердің бірі де бірегейі Әбілахат болатын. Оның таңғажайып туындылары бірінен соң бірі дүниеге келіп жатты. Есімізге түсіріп көрейікші: "Аққуым”, "Ақ сәуле” (сөзі Қ.Аманжоловтікі), "Қазақ частушкасы” (М.Әлімбаев), "Шофер келді қырманға” (Т.Ысмайылов), "Қыз қуу” (Қ.Шаңғытбаев), "Бейбітшілік сақталады” (Н.Шәкенов), "Республика туралы жыр” (І.Мәмбетов), "Торғай толғауы”, "Жанкелдин отрядының әні” (Ғ.Қайырбеков), "Солдат сәлемі” (Н.Шәкенов), "Тобыл толқыны” (С.Тұрғынбеков), "Сағыныш екен бала кез” (О.Әубәкіров), "Өзің де, жігіт, қызықсың” (М.Әлімбаев), "Қыз әзілі” (Қ.Шаңғытбаев), "Жігіт жауабы” (Ә.Жәмішев), "Ұстазым” (Н.Шәкенов), "Қайдасыңдар, достарым” (Ә.Дүйсенбиев)… Қарап отырсаңыз, қай-қайсысы да жауһар туындылар емес пе! Бұлардың бәрінің бір дәуірді тербеткен әндер екеніне кім дау айта алады?  Әбілахаттың сыршыл да сырбаз, қуатты да асқақ әндері халқының сана-сезімін қуаттандырып, оны рухани қанаттандырды. Композитордың керемет шығармашылық дәстүрін Шәмші, Әсет, Ескендірлер сәтті сабақтап әкетті.
Тағы бір айта кетерлігі, Әбілахат ән жанрының шеңберін кеңейте білді. Айталық, Абайдың өлеңіне жазылған "Өзгеге көңілім тоярсың”, "Мен сәлем жазамын” ән-романстары әріптестері М.Төлебаев, С.Мұхамеджанов, Н.Тілендиев туындыларымен иық тіресіп тұр. Ал оның балалар музыкасына қосқан үлесі – өз алдына бір бөлек әлем. "Ойлан, тап!”, "Құлыншақ”, "Ортеке” шығармалары балдырған біткен сүйіп айтар әндерге айналды. Сонымен қатар, сұңғыла сазгер Қ.Аманжоловтың "Досымның үйленуі”, С.Адамбековтің "Күн мен көлеңке”, И.Байзақовтың "Ақбөпе”, Ә.Тәжібаевтың "Той болады” спектакльдеріне ғаламат музыкалар жазды.
Бесаспап композитордың музыкалық мұрасы – қазақ мәдениетінің қазынасы. Ендеше, ол қазына ешқашан құндылығын жоғалтпауы тиіс. Ол үшін Ән әуесіндегі Әбілахатты жаңа ғасыр жастарына үнемі насихаттап отыру керек-ақ.
 
Мәлік Нұрғалиев,
музыкант, Қостанай педагогикалық колледжінің оқытушысы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓