114-ші көктем
«Nur Otan» партиясының Рудный қалалық филиалы жылдағы дәстүрмен 100 жастағы кейуаналарды құттықтады. Бұл «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында, халықаралық әйелдер күні қарсаңында жүзеге асты.
Пелагея Морданеваның жасы 95-те. 1943 жылы ҰОС-на шақырту алып, майдан шебіне аттанған. 53-ші полк құрамында болды. Беларус фронтымен бірге Берлинді алуға қатысты. Ерлігі үшін түрлі наградаларға ие болды. 1956 жылдан бастап, ССКӨБ құрылыс басқармасында қызмет етіп, кейін осында зейнетке шыққан. Қазіргі таңда немере, шөбере сүйіп отыр. Мәуелі ағаштай тамырын тереңге жайған.
Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегінен нәр алады десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбегін бағалап, сый-құрмет көрсету – асыл парыз. Осыны ескерген «Nur Otan» партиясының Рудный қалалық филиалы ғасыр жасаған Пелагея анаға айрықша құрметін көрсетті.
Сол сияқты, партиялықтар 114 жастағы Ұлтай Сыздықты да мерекесімен құттықтай барды. Сый-сияпаттарын үлестіріп, жылы лебіздерін айтты. Айта кету керек, Рудный шаһарында жүзден асқан 7 кейуана тұрады.