Қыз қылығымен көрікті
Мичурин жалпы білім беретін мектебінде «Қызғалдақ» қыздар клубының кезекті отырысы өтті. Осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп ұжымының бастамасымен «Қызғалдақ» қыздар клубы құрылған болатын. Клуб ұлттық дәстүр мен сананы дәріптеп, енді ғана тұлымдары желкілдеп өсіп келе жатқан бойжеткендерімізді игі істерге ұйытуды мақсат етті. Бұл бағытта өнімді жұмыстар атқарған ұйым мүшелері бүгінге дейін көптеген танымдық, мәдени шара ұйымдастырды.
-Тағылымы мол шараның мақсаты – қыздарды адамгершілікке, инабаттылыққа тәрбиелеу, өмірге деген көзқарастарын мағыналы түрде аша білуге және көшбасшы тұлға болып жетілуіне, қоғамдық жұмыстарға араласуына ықпал ету, аналардың қыздар тәрбиесіндегі белсенділігін арттыру, мектеп, отбасы және бала арасындағы байланысты нығайту болып табылады, – дейді мектеп басшысы Айнаш Даданова.
Әсіресе, «Қызғалдақтың» қыздары әр отырыс сайын қоғамдық бірлестіктер, мәдени мекемелердің өкілдерімен кездесу ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Тәрбие мен дәстүрді ұштастырған рухани шараға А.Байтұрынов атындағы Қостанай өңірлік университеті ректорының кеңесшісі, Қостанай облысы әйелдер күштері альянсының төрайымы Римма Бектұрғанова және Қостанай облыстық маслихат депутаты, «Евразия банкі» АҚ Қостанай облыстық филиалының басшысы Қырмызы Жанбыршина қатысты.
Қостанай облысы әйелдер күштері» альянсының төрайымы Римма Бектұрғанова да «Қызғалдақ» клубының алдағы жұмыстарына игі тілегін білдіріп, клуб мүшелерін құттықтады.
-Идеяларыңызға өте ризамын. Бастысы, құндылық – санада сақталады. Қыздар тәрбиесінде Зере, Бегім ана, Домалақ ана сынды иманды аналарымыздың образдарынан да үлкен үлгі, өнеге алуымыз керек, – деп ой бөлісті.
Танымдық кеш барысында «Қызғалдақ» қыздар ұйымының жетекшісі Ханзада Тулекина қыздар арасында жақсы көңіл-күй сыйлайтын тренингпен бастады. Одан бөлек, клуб тәрбиеленушілерімен келген қонақтарға шашу ретінде жылы лебіздер жазылған ұйымның эмблемасы жапсырылған тәтті таратты.
Сонымен бірге, күміс алқа иегері, көпбалалы ана, бастауыш сынып мұғалімі Ақмарал Жанділда тәлімді дәріс өткізіп, қыз тәрбиесі туралы танымдық ойын ұйымдастырып, шаш өруден шеберлік сағатын көрсетті.
-Ұйымның құрылуы, осы шаралардың өткізілуі тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алудың бірден бір жолы. Себебі, әр қазақ отбасындағы қыз бала тәрбиесі оң жолға қойылуы керек. Халықтың болашағы қыздың тәлім-өнегесімен тікелей сабақтас екені белгілі. Осындай игі мақсаттарды көздеп, мектеп жанынан «Қызғалдақ» қыздар клубын құрдық. Ізгі ниетіміз жемісін беріп жатыр. Бойжеткендеріміз қоғамдық шараларға атсалысып, өздерін жақсы жағынан танытуда. Келешекте ұлттық салт-дәстүрлермен сусындаған қыздарымыз ел қорғайтын, ұлтжанды жас ұрпақты тәрбиелей алатынына біз сенімдіміз, – дейді «Қызғалдақ» қыздар ұйымының жетекшісі Ханзада Тулекина.
Отырыс соңында мектеп басшысы Айнаш Даданова келген қонақтарға ризашылығын білдірді. Келген қонақтар тәрбиелік мәні зор шараны ұйымдастырып отырған Айнаш апамызға І.Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабын сыйға тартты.