Жастармен толықты
Қостанай облысы полиция департаментінде ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы академиясының оқу орталығының түлектерімен кездесу өтті. 33 жас өңірдегі тәртіп сақшыларының қатарын толықтырды.
Облыстық ПД бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев түлектерге Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрі қойған негізгі міндеттерге тоқталды.
– Елдің тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жауапты мамандық иелерінің жұмысы оңай емес, Бар күш-жігерлеріңізді салып, осы міндетті абыроймен атқарыңыздар, – деді полиция полковнигі.
Сондай-ақ, Ардақ Ынтықбаев ішкі істер органдары жүйесін реформалауда учаскелік полиция инспекторларына басымдылық берілгенін, полиция халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.
– Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі қазірдің өзінде учаскелік полиция мәртебесін арттыру бойынша заңнамалық сипаттағы шараларды әзірлеуде, Жолдауда қойылған міндеттерді іске асыруға сәйкес келетін әкімшілік полицияның жаңа штаттық құрылымын құру көзделуде. Сондықтан өтетін іс-шараларға барынша жауапкершілікпен қарауларыңыз қажет, – деді А.Ынтықбаев.
Облыстық ПД жеке құрам бойынша инспекция қызметкері Дәулетжан Қасенов жас мамандардың тәртіп пен заңдылықты сақтауы туралы айтып берді. Полиция подполковнигі қызметкердің әрекеті қоғам тарапынан сынға түспеуі керектігін баса ескертті.
Облыстық ПД ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Өмірбаев полиция қатарына келіп қосылған жастар легін шын жүректен құттықтады.