Мақсат- заң аясында көмек беру
Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында «Қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларын орындау барысында пробация қызметінің жергілікті атқару органдарымен, үкіметтік емес ұйымдарымен өзара әрекеттесуін ұйымдастырудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел болып өтті. Жиынға облысымыздағы құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдарының, Қостанай қаласының жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері мен өкілдері, пробация қызметіне қатысты еліміздің басқа облыстарының ғалым-мамандары да қатысты. Дөңгелек үстелді құттықтау сөзбен ашқан Академия бастығының орынбасары заң ғылымдарының кандидаты полиция подполковнигі А. Нұрышев өз сөзінде бүгінгі таңда еліміздегі қылмыстық атқару жүйесі саласын жетілдіру бағытында жұмыстардың атқарылып жатқандығын, Елбасымыз ұсынған Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» 33 қадамында «Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру, осындай азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын және әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасау» қажеттігі жайлы айта келіп, республикамыздағы қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметінің енгізілгенін, осы пробация қызметі туралы заңнамаға Академияның ғылыми-зерттеу орталығы да өз үлесін қосқандығын атап кетті. Пробация қызметінің Қазақстанда енгізілгеніне де көп бола қойған жоқ, бірақ әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатындығын, оның бірнеше бағыттан тұратын үлкен жүйеге айналғанын атап кеткеніміз жөн. Жалпы алғанда, пробация қызметінің мақсаты-шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету. Неге десеңіз, қылмыс жасап, қоғамнан оқшауланып, өзін керексіздей санаған жандарға үкімет тарапынан дер уақытында, заң аясында көмек берілген, көрсетілген жағдайда, олар дұрыс жолдарын да таңдап алары мүмкін. Сенім мен үміт қашан да алға жетелейді. Сондықтан да жиында пробация қызметінің мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша бірлесе жұмыс жасаудың іс-қимылы сөз болды. Дөңгелек үстелде негізгі баяндаманы жасаған Академияның ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері полиция подполковнигі Г. Қожмұхамбетова пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларды жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмысқа тарту кезінде туындайтын кейбір мәселелер мен оны шешудің жолдары туралы жан-жақты айтып өтті.
Гүлназым САҒИТОВА