Ауылдарды аралайды
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қостанай облыстық филиалының хабарлауынша, мамыр мен қыркүйек айлары аралығында шалғай елді мекендерде тұратын халыққа медициналық көмек көрсету үшін 14 жылжымалы медициналық кешен елді мекендерді араламақ.
Филиал директоры С.Аймұхамбетованың айтуынша, былтыр ауыл тұрғындарына “СарыарқаАвтоПром” зауытынан шығарылған осындай төрт жылжымалы медициналық кешен көмек көрсеткен, биыл олардың саны онға көбейіп отыр.
– Біздің өңірде аудан орталығынан жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан ауылдар саны жетіп артылады. Ал, ондағы медициналық пункттерде толыққанды зерттеулер жүргізуге мүмкіндік жоқ екендігі айтпаса да белгілі. Жылжымалы медициналық кешендердегі білікті дәрігерлерден құралған бригадалық топ тұрғындарға барлық медициналық көмекті көрсете алады. 12 метрлік автобус базасында құрылған кешен жалпы практика дәрігерінің кабинеті, гинекологиялық тексеру, жалпы қабылдау аймағын, рентген және флюорография бөлігін, функционалдық диагностика (УЗИ, ЭКГ), зертханалық диагностика аймағын қамтиды. Мәселен, Арқалық өңірлік емханасының ЖМК-і Амангелді, Науырзым, Қарасу аудандарының тұрғындарына, сондай-ақ Арқалық қаласына қарасты ауылдарда тұратын азаматтарға көмек көрсетеді. Өткен жылы төрт жылжымалы кешен 3026 адамды тексерді, осы қызметтер үшін Қор тарапынан медициналық ұйымдарға 4,5 млн теңге төленді. Ал, биыл көшпелі тексерулермен 50 мыңға жуық адамды қамти отырып, 200-ге жуық елді мекенді аралау жоспарлануда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры осы мақсаттарға 748 млн.теңге жоспарлады, оның 80% МӘМС есебінен, – дейді Сәуле Аймұхамбетова.