Хиджама ем бола ма?

Дертіне шипа іздеп, ауырып қиналған әрбір жан емнің небір түріне барады. Біреуден «ауруға шипа болды» дегенді естіп жатса зор үмітпен жүгінетіні түсінікті. Осындайдың кейде пайдасы, кейде зияны тиіп жататыны да жасырын емес. Ем-дом алуға көпшіліктің көп баратын түрі ағзадан қан шығару немесе хиджама әдісі. Бұл әдісті капиллярлы немесе банка қою арқылы қан алу әдісі деп те атап жүрміз. 
Хиджама туралы көбіміз білеміз. Барып қан алдырмасақ та естіп, оның не екенін елестете аламыз. Мүмкін арамызда хиджамаға барып, ем алып, пайдасын көргендер де бар болар. Мамандардың айтуынша, қан алдыру арқылы ағзаны түрлі аурулардан емдейтін ем ежелден келе жатқан көрінеді. Бұл емнің негізінде ағзаны арам қаннан тазартып, соның арқасында қан айналым жүйесі қалыпқа келеді. Хиджама жасайтындар бұл көптеген ауруларды емдеуге жол ашады, адам бойындағы қан алмасу жақсарып, арам қандар сыртқа шығып, барлық жасушалары жаңарып, ағзаға оттегі мен нәрлі заттар тарайды деп сендіреді. Әрине, хиджаманы тәжірибесі бар мамандарға жасатқан жөн. Егер оның жолын білмесе, керісінше, адам денсаулығы нашарлауы да мүмкін. Хиджама жасауда өзінің денеде арнайы белгілі нүктелері болады. Аурудың бетін қайтару үшін сол нүктелерді айқындау керек. Себебі, кез келген нүктеден қан алу адамның денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Гүлмира Азбергенова хиджама жасаушы. Негізі темір жол саласының мамандығы бойынша оқыған. Бірақ ол салада еңбек етіп көрген емес. Он жылдан бері хиджама жасаумен айналысып келеді. Кезінде Қытайға барып, арнайы білім алды.
– Менің арнайы медициналық білімім жоқ болатын. Сол себепті Қытайдан хиджамамен емдеудің толық курсын оқып келдім. Елге келген соң хиджамамен айналыса бастадым. Тамыр ұстаймын. Диагноз қоямын. Он жылдан бері осы іспен айналысып келемін. Хиджамамен қан алуға адам іштей дайын болуы үшін батылдық керек. Кейбіреулер қаннан қорқып жатады. Осы салада жүргендіктен, әлі де зерттей түсу үшін медицина саласында білім алғым келеді, – дейді Гүлмира Азбергенова.
Хиджаманы да кез келген адам ала бермейді. Аурудан енді айыққан, отадан шыққан адамдарға, онкологиялық, қант диабеті дерті бар адамдарға алуға болмайды. Қан айналымы дұрыс емес адамдар хиджама жасатып, дерттің алдын алса тиімдірек болады. Енді басталған қан қысымы ауруына бір рет жасатқан хиджаманың өзі керемет  нәтиже береді екен. Гүлмира Азбергенованың айтуынша, әр адамның емдеуде өз әдісі мен артықшылығы бар. Ол әзірге үйден қабылдап, ем жасауда. Алдағы уақытта кабинет ашып, осы ісін әрі қарай дамытуға ниетті екенін білдірді. Оған әзірге қаражат қолбайлау болып отыр.
– Алғашқы оқып келген жылы хиджаманы жақындарыма жасап жүрдім. Кейін бірінен-бірі естіп келе бастады. Соған қарағанда қолым жеңіл, емнің нәтижесін көрген болулары керек. Тіпті, өздері үйге іздеп келеді. Осылайша көпшілікке хиджама жасауды қолға алдым. Бұл қосымша қаражат көзі де болды. Хиджаманы қан қысымы жоғары адамдар жиі жасатады. Бұндай кезде алдымен тамыр ұстаймын. Тамыр арқылы оның қандай ауруы бар екенін білемін. Қан алдыру арқылы денедегі артық токсиндерді шығаруға болады. Жалпы, хиджама көп ауруға шипа. Белсіздік, бала көтере алмай жүрген келіншектер келеді. Осы уақытқа дейін менің емімнен соң төрт сәби дүниеге келген екен. Әр аурудың өз нүктесі болады. Соны анықтап алған соң денеге тілік салып, қан аламын. Қап-қара қою қанға қарап, қанның қандай топ, қандай ауруы бар екенін айтып бере аламын, – дейді Гүлмира Азбергенова.
Бұл ем біздің ата-бабаларымыздан бері келе жатыр. Дәстүрлі медицина мен халық емін қатар пайдалана отырып, халық денсаулығын жақсартуға болатыны рас. Гүлмира сонымен қатар шертпе де жасайды. Қазақта шертпе де емнің бір түрі.
Қарап отырсақ, елімізде хиджаманы дәстүрлі емес медицинаның ем-дом түрлерінің бірі ретінде 90-шы жылдардың аяғында пайдалана бастапты. Қазір онымен емдеу орталықтары, тіпті дәрігерлердің өздері де айналысып, кейбірі үй жағдайында да жасайды. Ең бастысы, санитарлық талап бұзылмауы керек.
Ем жасаушыға фототілші Бағдат екеуміз барғанбыз. Бағдат бұрындары хиджамаға барғанын айтып келеді. Емін кәдімгідей сезіндім дейді. Ал өз басым естігенім болмаса, жүгініп көргенім жоқ. Оның жолы былай екен. Алдымен адам денесі кәдімгі ұстараның жүзімен тілінеді, одан соң хиджама банка қою арқылы ең ұсақ қан тамырларын кесу арқылы жасалады. Ол банкаларды өзіңіз де ала келуіңізге болады. Олар пластиктен жасалған. Мүмкін шыныдан жасалғаны да бола жатар. Бірақ менің көргенім тек пластик. Осы банкалар адамның сырқатына байланысты бастың төбе, желке, маңдай тұсына, мойын қапталдарына, іш құрсағына және арқаға қойылады. Спиртпен тазартылған дене бөлігіне бір және бірнеше банка қойылады. Бұрын оның ішіндегі ауаны шығару үшін от қолданылса, қазір оттегі арнайы құрылғымен сорып алынады. Банканың астындағы тері қызарғаннан кейін, оны алып тастап, кәдімгі ұстараның жүзімен ұсақ-ұсақ тіліктер жасалады. Банка қайта қойылып, ішіндегі ауасы сорылады. Сол кезде тіліктерден қан сыртқа шығып, банканың ішіне жинала бастайды. Хиджама жасаушының айтуынша, процедура тұрып қалған немесе арам қан сыртқа шығып біткенше жалғасады, ол әдетте 10-15 минутты құрайды. Кейін банкалар алынып, орны сутегі тотығымен сүртіледі. Міне, ем осылай жасалады. Мен де ем алып, оның қалай болатынын білгім келді. Гүлмира алдымен тамырымды ұстап, диагнозын қойды. Айтқаны дәл келіп тұрған сияқты. Әлде маған солай көрінді ме, кім білсін әйтеуір мен сендім. Арнайы кереуетке жатқызып, арқама банкалар салды. Басында арқаңнан бірдеңе сорып жатқандай ма, сондай бір сезім болады. Сосын ештеңе сезе қоймадым. Бас-аяғы он-он бес минуттай уақыт алды. Тұрғанда басың айналып, жан-жағың жарқырап кеткендей болады екен. Арқаңнан жүк түскендей жеңілдікті сезінесің. Арқамнан шыққан қап-қара қою қанға қарап, тобын және қандай тамақ ішкенімді дөп басып айтып берді. Мүмкін, сәйкестік болар, бірақ қанға қарап көп нәрсені білуге болады екен.
– Қоюланып, қара түске боялған қанның астынан ашық түсті қан көрінсе, бұл арам қанның толығымен ағып шыққанын білдіреді. Ол арам қан болғаннан кейін жоғарғы жағы қою, астыңғы жағы сұйықтанып тұрады. Ағзаның қай жерінде ақау көбірек, сол жерінде қан ерекше қара болады, – дейді ол. – Ем-дом аяқталғаннан кейін бас айналуы мүмкін. Негізі аздаған уақыт жатып демалған дұрыс. Ең маңыздысы тазалық. Құралдар зарарсыздандырылмаса, не ол дұрыс жасалмаса түрлі инфекциялар жұғуы мүмкін. Әрине, арнайы емдік кабинетте қабылдағанға не жетсін. Бірақ ол үй жағдайында да жасала береді. Осы он жыл бойы әлеуметтік желі арқылы ем алушылар келіп тұрды. Бұрын Астанада, Павлодарда қабылдаған едім. Қазір хиджама жасаушылар көп. Қостанайда да баршылық. Мүмкін бәрі де жақсы емдейтін шығар. Бірақ санитарлық жағына, біліміне қарап абай болған жөн. Маған бірден-бірі естіп, іздеп келіп жатады. Мысалы, сіздер де естіп келдіңіздер. Өзге қалалардан да арнайы келетіндер бар. Көбі үйден қабылдағанға қорқып жатады. Ал көбіне науқастың жағдайына қарай үйіне де барып жасаймыз. Бұл менің күнкөріс көзім десе де болады. Бірақ пайданы ойлап, артық кеткен емеспін. Өз ісімді жақсы көремін, жақсы білемін. Менің арғы әжелерім де емші болған. Мүмкін сол кісілерден берілген болар. Донор болу мен хиджама бір емес. Донор болғанда артериялақ тамырдан қан алады, ал хиджама капиллярлы жолмен. Ендігі арманым осы жақтан орталық ашқым келеді. Екі шәкіртім бар. Қолынан келмейтін адамға үйретпеймін. Қаржылай жағдай болмаған соң орталық аша алмай отырмын.
Әрине, жаннан артық ештеңе жоқ. Балтыр сыздаса неге болса да сенуге әзірміз. Бір көмегі болар деп кім айтса да сене кететініміз тағы бар. Ондай кезде жанның ауырмауын тілеп, көмегі тисе екен деп қайда болса да барамыз. Алда-жалда ем іздеп, хиджамаға барып жатсаңыз, жан-жақты ойланып, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуына мән беріңіз. Денсаулық ең алдымен өзіңіз үшін керек екенін ұмытпаңыз. Біреуді жарнамалап отыр деп ойламаңыз, қоғамда бар дүниені айту біздің жұмысымыз. Барды саралай біліңіз. Ем аламын деп жүріп, қосымша жара байлап алмаңыз.
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓