Табысы – түлігінде
Жалғызбасты анаға отбасын асырау оңай емес. Бірақ, Алмагүл ешқашан мойыған емес. Балаларын қатарынан кем қылмау үшін күзетші болып та жұмыс істеді. Бүгінде көп балалы ана Сарыкөл ауданындағы Урожайное ауылында тұрады. Отбасындағы алты баланың үлкені он алтыда, кішісі төртте. Екеуі жиені. Оларды Алмагүл балалар үйінен алып қалды. Бәрі бір ананың баласындай, бір-біріне бауыр басқан. Үлкендері анасының шаруасына көмектеседі.
«Күзетші болып жұмыс істеген кезде ептеп қиын болды. Балаларды тастап кетуге қорықтым. Содан кейін «Бастау Бизнес» курсы туралы естіп, бағымды сынап көруді жөн көрдім. Облыстық кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы бизнес-жоспар жасауға көмектесті. Сөйтіп, 500 мың теңгеге екі сиыр сатып алдым. Бұл үлкен көмек, ең бастысы – мен қазір балаларыммен біргемін. Үлкен қыздарым шаруашылыққа көмектеседі, мал қораны тазалайды. Жазда малды өздері бағады. Бұрынғыдай ешкімге ақша төлемейміз», – дейді Алмагүл Дауылбай.
Алмагүлдің сиырлары әлі бұзаулаған жоқ. Бірақ, алдағы уақытта ол сүт тапсырып, сүзбе жасауды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек Алмагүлдің бес қойы бар. Келешекте ол түлікті өз төлінен көбейткісі келеді.
«Әзірге, фермам шағын болғандықтан, бәлендей табыс та жоқ. Оның үстіне жем-шөп бағасы өте қымбат. Осындай сәтте көмегін аямайтын «Елсан-Агро» ЖШС директоры Тұрсынбай Бағытбайұлы Сәдуақасовқа алғысымды білдіремін. Сол кісінің арқасында жем-шөп жағынан тарыққан жоқпыз. Онсыз мен шаруашылықты еңсере алмас едім. Келешекте кішігірім кәсібімді кеңейтуді жоспарлап отырмын. Қой өсірудің пайдасы бар. Сондықтан, тағы қой сатып алғым келеді. Биыл мемлекеттен жеңілдетілген несие алуға тырысамын», – дейді Алмагүл Дауылбай.