Қоғамдық талдау не көрсетті?
Былтыр БҰҰ Даму бағдарламасының көмегімен елімізде «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы қоғамдық мониторинг жүргізді. Сауалнамаға Қостанай облысының 463 тұрғыны қатысты. Олардың 85,3% қызметті орыс тілінде пайдаланған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің облыстық Департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Асхат Ескендіров айтып берді.
Жоғарыда аталған мониторинг барысында қызмет алушылар мемлекеттік органдардан кері байланыстың болмауы, мемлекеттік қызметтердің ашық қолжетімділігі туралы қажетті ақпаратты іздеудің қиындығын атап өткен. Сондай-ақ, қызметтердің жекелеген процестерін автоматтандыру, ақпараттық жүйелерді «электрондық үкімет» порталымен жеделдету бойынша ұсыныстар келіп түскен.
– Қызмет алушылардың дені жеке тұлғалар болса, тек 14% – заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкер. Елімізде пандемияға және карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің шамамен 80% – ы «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетілетінін ескере отырып, мониторинг қызметтерді іріктеп көрсетті. Зерттеу ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың жаңа әдістемесі бойынша жүргізілді. Бұл әдіс сандық (көрсетілетін қызметті алушылардан жаппай сауалнама) және сапалық (терең сұхбат, «құпия сатып алушы» әдісі, фокус-топтық сұхбат) зерттеуден тұрады. Тұрғындар шағымдарының көбі «1414» Бірыңғай байланыс орталығының қызметіне келеді, өйткені көптеген адамдар қоңырау шалу мүмкіндігінің болмауына, бірыңғай байланыс орталығы қызметкерлерінің кеңес сапасының төмендігіне тап болған. Біздің облыста»мемлекеттік корпорациясы мен «Электрондық үкімет» порталы бар, – дейді Асхат Батыржанұлы.
Сонымен, мониторинг мемлекеттік қызметтердің 18 түрі бойынша нақты нәтиже шығарды. Олар мынадай:
– «Техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру конкурсына құжаттарды қабылдау» (4,91 балл);
– «Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау» (4,88 балл);
– «Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру» (4,85 балл);
– «II, III және IV санат объектілері үшін мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру» (4,82 балл);
Бұл критерийлер бойынша өңірлер рейтингінде Қостанай облысы жетекші позицияда (2-4 орын) тұр.
Қызмет алушылар неге наразы? Олар «103» мамандарымен байланыс кезінде тілдік кедергіге тап болған. Тұрғындар қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген маманды жұмысқа алу қажеттігін атап көрсеткен. Сауалнама кезінде тағы бір мәселе анықталды. Ол – интернеттегі қажетті жылдамдықтың болмауы. Бұл, әсіресе, сайттармен жұмыс істеген кезде, қажетті құжаттарды порталға жүктеуде байқалған. Салдарынан қызмет алушылар уақытын жоғалтып, артық шығын шығаруға мәжбүр болған.
– Мониторинг қорытындысында кемшіліктерді жою және азаматтардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қанағаттану деңгейін арттыру бойынша ұсынымдар қарастырылған. Департамент мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатты жүргізіп, олардың жүзеге асырылуын қадағалайды. Мысалы, мемлекеттік қызметтер мен мұрағаттарды ақпараттандыру басқармасымен бірлесіп «Onay_gyzmet» акциясы іске қосылды, ол қызметтерді, оның ішінде автоматтандырылған қызметтерді алу процесінде ескертулер жинауға бағытталған. Қызметті алу процесін фотофиксациялаумен және сіз тап болған қиындықтарды сипаттаумен өз тілектеріңізді «Onay_qyzmeT» Telegram-арнасына жолдауға болады. Барлық материалдар жинақталып, мемлекеттік органдарға жіберіледі, – деді сарапшы.
Сонымен қатар департамент мамандары ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелерімен бірлесіп, аптасына кемінде бір рет ХҚКО бөлімшелерінде азаматтарды қабылдауды жүргізеді. Әрбір ниет білдіруші өзін толғандырған мәселелер бойынша өтініш білдіруге құқылы.