Біріксек – күшпіз
Екі апта бұрын облысымызға Қызылордадан көмекке ең қажетті деген 5 бірлік техника мен қостанайлық құтқарушыларға Қарасу ауданындағы су тасқынымен күресте көмекке жеке құрамнан 27 адамнан тұратын колонна жіберілген болатын. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккенде құтқарушылар толассыз жұмыс істеді, вахтовкалар, моторлы қайықтар адамдарға барынша көмектесіп, ауылда қалған адамдарға ауыз су мен қажетті азық-түлік жеткізді.
Құтқарушылардың жедел бірлескен күш-жігерінің арқасында су басқан аймақтарда зардап шеккендерге қажетті көмек дер уақытында көрсетілді, адамдар эвакуацияланды, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, ауданда баспаналарды су баспай, құрбан болудың алды алынды. Әріптестерінің айтуынша, қызылордалық құтқарушылар барынша көмек берген. Су тасқынымен жұмыс істеудің барлық қағидаларын меңгерген, өйткені олардың өңірінде Сырдария өзенінде су тасқыны мезгіл-мезгіл болып тұрады.
Қостанай облысы ТЖД бастығы Біржан Кәрімов қол ұшын берген қызылордалық құтқарушы әріптестеріне құрмет грамоталарын табыстап, жедел, ауқымды әрі жанжақты көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді. Себебі тек бірлескен күшжігердің арқасында ғана көктемгі су тасқынының алды алынды. Құтқарушылар күн сайын өздерінің жоғары кәсіби-лігін көрсете білді. Олар өздерінің қызметтік және азаматтық борышын орындаған.
Қызылорда облысы ТЖД күштері мен құралдары тобының қызметкерлерін қостанайлық әріптестері салтанатты түрде марапаттап, шығарып салды.