Бюллетенде айып жоқ
Сайлау науқанынан кейін халық ішінде кейбір жайттарды жете түсінбегендіктен наразы пікір айтқан азаматтар бар. Нақтысында, Арқалық қаласының тұрғыны сайлаушыға берілетін бюллетендердің кейбірінде кандитаттардың толық көрсетілмеуінің мәнісін ұқпағанын әлеуметтік желіге жазған. Осы себептен Арқалық аумақтық сайлау комиссиясы тұрғындар назарына бұл жайтқа қатысты түсінік берді.
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" ҚР Конституциялық заңының 103-бабының 1-тармағына сәйкес, Арқалық қаласының аумақтық сайлау комиссиясына 2020 жылдың 10 желтоқсанына дейін тек қана 3 партия, («Nur Otan», «Ак жол», «ADAL») Арқалық қалалық мәслихат депутаттары сайлауына үміткерлер есебінен тіркеуге ұсыныстарын берді, – деп жазылды комиссия хабарламасында. – Осы Заңның 104-бабындағы талаптарға толық сәйкес келгендіктен, аталған саяси партиялар тіркеліп, Арқалық қалалық мәслихат депутаттарын сайлау бюллетеніне енгізілді. Ал қалған басқа саяси партиялар партиялық тізімдерін Арқалық қалалық мәслихат депутаттарына үміткер есебінде ұсынбағандықтан, бюллетенге енгізілген жоқ".
Демек, белгілі бір елді мекеннің мәслихаты депутаттығына үміткер ретінде тіркелмеген партиялар сол елді мекеннің сайлау учаскелеріндегі бюллетенде көрсетілмейді. Бұл – аудандық және қалалық мәслихаттарды сайлауға қатысты ереже.