Облыста өсім байқалады

Облыс әкімі А.Мұхамбетов қала мен аудан әкімдерінің басын қосып, селекторлық кеңес өткізді. Жиналыс барысында осы жылдың I тоқсанындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен I жартыжылдыққа арналған міндеттерді қарастырды.
Қаңтар-наурыз қорытындысы бойынша облыста өсім байқалады: өнеркәсіп өндірісінің өсуі – 8,6%, оның ішінде өңдеу саласы – 13,6%, ауыл шаруашылығы – 1,6%, негізгі капиталға инвестициялар – 23,3%, құрылыс жұмыстары – 19,8%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 20% құрайды.
Аймақ басшысы одан әрі 2020-2021 жылдардағы жылыту маусымын аяқтау және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесін қарастырды.
Осы жылдағы жылу беру маусымы аяқталуға жақын қалды. Тиісті нормаларға сәйкес, сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы үш тәулік ішінде +10°С жоғары болған кезде облыс өңірлерінің тұтынушылары жылумен жабдықтаудан ажыратылатын болады. Жалпы, ағымдағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша коммуналдық қызметпен қамтамасыз ететін барлық кәсіпорындар (электрмен, жылумен, газбен және сумен жабдықтау) және облыстың әлеуметтік сала объектілері тұрақты жұмыс істеп келді. Ал, алдағы 2021-2022 жылдарға жылыту маусымына дайындыққа қатысты ірі коммуналдық кәсіпорындарда жылу көздері мен жылу желілерінде жоспарлы жұмыстар жоспарланған.
Селекторлық кеңесте сондай-ақ, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асыру аясында азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды жетілдіру мәселесі де қарастырылды.
– Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан, іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «кейінгі саяси реформалар адамдарды елді басқаруға кеңінен тартуға бағытталуы тиіс» деп атап өтіп, билік пен қоғам арасында үздіксіз диалогты құруға шақырды. Азаматтық қоғаммен диалог құра отырып, біз «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сапалы іске асыруды қамтамасыз ете аламыз, өңірдегі тұрақтылық пен келісімді сақтай аламыз, сондай-ақ тұтастай алғанда мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыра аламыз. Осыған байланысты қала және аудан әкімдеріне халықпен кері байланысты бақылауға алуды, өзара іс-қимылды нығайтуды және үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы А.Мұхамбетов.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓