Өңір басшысы қоғамдық кеңес алдында есеп берді
Бұған дейін жазғанымыздай, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» заңы жарияланып, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап заң өз күшіне енген-ді. Оған себеп – Президенттің «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспары бағдарламасы болатын. Қоғамдық кеңестің басты мақсаты – жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жетілдіру әрі халық пен билік арасын жақындастыра түсу. Елімізде Қостанай облысы ғана бұл қадамға алғашқылардың бірі болып барды.
Бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Архимед Мұхамбетов қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында Қостанай облысының 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және биылғы жылы атқарылар жұмыстардың барысы жайында есеп берді.
– 5 институционалды реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде Мемлекет басшысы өңірлерде Қоғамдық кеңестер құру туралы тапсырма берген болатын. Қоғамдық кеңестің негізгі мақсаты – қоғамдық мүддеге қатысты көптеген мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін жеткізу болып табылады.
Біз сіздермен бірлесе отырып, Аумақты дамыту бағдарламасы, облыстық бюджет жобасы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты есептер мен нормативті құқықтық актілер сияқты маңызды құжаттарды талқылаймыз.
«Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бүгін сіздердің назарларыңызға 2015 жылғы Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы ақпаратты ұсынамын,– деп Архимед Бегежанұлы әр сала бойынша жеткен жетістіктер мен кем-кетік тұстарды баяндап берді.
Содан соң облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Ещанов және қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов сөз сөйледі.
Мәжіліс туралы толық ақпаратты газеттің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ