Әңгіме арқауы – еңбек адамы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы қарсаңында Рудный қаласында дәстүрге айналған «Шеберлер елі: бір отбасы» акциясы өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразиялық топтың осынау ұзақ мерзімді әлеуметтік жобасының басты мақсаты – патриоттық сезімді тәрбиелеу, жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру және өнеркәсіптік өңірлердің тұрғындарын отандық әдебиет пен мәдениетке жақындату. Бұл жоба ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы қоғамдық санада еңбектің құндылығын арттыру, өмірдегі жетістіктердің бастамасы еңбек екенін түсіндіру туралы тапсырмасына жауап болып табылады. Биыл жоба Ақтөбе, Ақсу және Рудный қалаларында өткізілді. Кеншілер қаласындағы акцияға «Простор» журналының бас редакторының орынбасары, «Тәржіман – әдеби аудармашылар одағы» бірлестігінің төрағасы, ақын Қайрат Бақбергенов, «Мәдени мұра» журналының бас редакторы, прозашы, журналист-зерттеуші Жарылқап Бейсенбайұлы мен алматылық ақын, әрі жазушы Римма Артемьева қатысып, «ССКӨБ» АҚ маңызды нысандарын аралады. Еңбек ұжымдарымен кездесіп, мастер-класстар өткізді. «Рассвет» сауықтыру орталығында ұйымдастырылған кездесуде қаламгерлердің әрқайсысы өз шығармашылығындағы басты өнегелі құндылықтар мен тәуелсіз Қазақстанның алатын орны туралы айтып берді.
– Адамдар үшін өмірге мән беретін жазушының сөзі қажет. Сондықтан жазушыларға оқырмандармен кездесу, өз шығармашылығын өндірістен және еңбек ұжымдарымен кездесулерден алған жаңа әсерлермен толтыру керек. Біздің ойымызша, Еуразиялық топтың қолдауымен отандық өнеркәсіппен байланыста болу жөніндегі қайта жаңғырған жақсы дәстүр әдебиетке еңбек адамын қайта алып келуге жол ашады, – дейді Жарылқап Бейсенбайұлы.
Басқосу барысында «ССКӨБ» АҚ жұмысшылары арасында өткен шығармашылық байқаудың қорытындысы шығарылып, лауреаттар мен жергілікті ақын-жазушылар өз шығармаларын оқып берді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ