Шекарашы ақын
Манарбек Қарекенов Батыс Қазақстан облысының тумасы. Қостанайға қызмет бабымен келген. Шекарашы. Әскери қызметтің ахуалы белгілі. Жұмыс бабымен талай жерді аралап, талай қалада тұрды. Қазір ҚР ҰҚК Шекара қызметі Әскери патриоттық қызметі басқармасының Қостанай облысындағы өкілі. Республикалық «Отан сақшысы», «Шекарашы» басылымдарының тілшісі. Өзін шекарашы, ақын-офицермін деп санайды. Себебі, оның жан дүниесі шығармашылыққа жақын. Бұл еңбегі бағаланып, талай байқауларда топ жарған.
– Өзім үшін бірінші орынға жауынгерлік қызметімді қоямын. Ел сенімін ақтап, шекараны адал күзету, адал сақшы бола білсем менің басты азаматтық борышым осы. Екіншіден, шекарашылар қоғамдық жұмыстардан шет қалмайды. Өте белсенді. Жастарды патриоттыққа баулу біздердің міндетіміз. Қашанда осыны естен шығарған емеспін. Қандай да бір жыр шумағын жазсам осы міндетімді ұмытпай, патриоттық тақырыпқа арнаймын. Бала кездегі қабілетім жыр жазу болатын. Сол бойға біткен қарым-қабілетімді дамытып, қаламымды жаныма серік етіп келемін. Көптеген байқуларға қатысып, өзімді сынап, жүлделі орындардан көрініп жүрмін. Бұл өзімді дамытудың бір жолы, – дейді ол.
Әскери қызметке келмес бұрын қазақ тілі мен әдебиеті, араб тілі пәнінің мұғалімі мамандығын бітірген ол кейін «Орал өңірі» газетінде бір жылдай тілші болған. Мамандығы бойынша әдебиеттен алыс емес. Екінші мамандығы әскери сала. Қазіргі кезде өлеңдерінің дені отансүйгіштікке баулу, әскери қызметке шақыру, мемлекеттік шекараны берік күзетіп тұрған жауынгерлер қызметін паш етуге арналған.
– Бүгінгі жастар өте ақылды. Өз есептерін жақсы біледі. Уақытты тиімді пайдаланып, пайдасына жаратқанды жақсы көреді. Бірақ Отан алдындағы, халық алдындағы парызды да ұмытпау керек деп ойлаймын. Бұл әркімнің азаматтық, адами борышы. Өзімнің жыр шумақтарыммен жастарға қандай да бір серпіліс, бойларына қуат дарытып жатсам менің еңбегімнің ақталғаны деп білемін. Бүгінде қалалық №28 мектеп-гимназиясында «Шекараның жас тілшісі» атты үйірме ашқан болатынмын. Ондағы мақсатым – қолдарына қалам алып, ынталанып жүрген жастарды жазуға үйрету әрі шекарашы өмірімен таныстыру. Болашақта ел қорғауға әзір болып, олардың арасынан да әскери азаматтар шығып қалар. Мектептен газет те шығады. Оған оқушылар өздерінің мақалаларын салып, мектептің жағымды жаңалықтарымен бөлісіп отырады, – дейді шекарашы Манарбек.
Бүгінде ол Дүние таланттары одағының мүшесі, бірнеше халықаралық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. Туған өлкесінде жарық көрген бірнеше өлең жинақтарға жыры енген және «Қанжар» атты жыр кітабы жарық көрген. Екінші кітабы да әзір. Ақын осы уақытқа дейін 15 шақты әнге сөз де жазып үлгерген. «Нәзік жүрек» атты ән жинағы көрерменге жол тартқан.
Міне, жүрегі елім деп соғатын, сол толғанысын жыр жолдарымен жеткізетін ақын жігіт ұрпақ алдындағы парызын осылайша орындап жүр. Ұлттық құндылықты жоғары қойған азаматқа ел құрметі қашанда биік.
Суретті түсірген Б.Көркембаев.