Мәуелі бәйтерек 90 жасқа толып отырған ана Күнжамал Еділбаева туралы бірер сөз

IMG_9685– Е, шырағым, біз бала кезі-мізде, жастық кезімізде не көрмедік,– деп бастады әңгі-месін бүгінде Қостанай қаласында тұратын және 90 жасқа толып отырған Күнжамал Еділбаева апай. – Біз – сол заманның ұр-пақтары балалық шактың, жастық шақтың қызығын көрмей өстік. Ол кезде отбасымыз Меңдіқара ауданындағы Шиелі колхозында тұратын. 1928 жылы әкем Ахметті бай деп кәмпескелеп, астындағы ат-арбасына дейін сыпырып алып, өзін де алып кетті. Содан оралмады.  Шиеліде Уәліш Ақтасов деген кісі басқарма болды. Мен сол ауылдағы төрт кластық мектепте оқыдым. Оқу деген жәй аты ғой. Қағаз да жоқ, қалам да, қаламсап та жоқ, кітап та жоқ. Күйемен жазамыз. 15 шақты бала оқыдық. Байлардың балаларын бірде оқытады, бірде оқытпайды. 31-ші жылғы аштықты да көрдік. Халыққа өте қиын болды.
Күнжамал апайдың айтуынша, үлкендер еңбегіне ақша алу дегенді білмеген. "Паек" беретін  болған. Онысы картоптың ұны көрінеді. Картопты турап, кептіріп, соны қол диірменге тартатын болған. 
Күнжамал апайды шешесі соғыс басталар алдында 15 жасында Сейілхан Жақсылықов деген кісіге күйеуге беріпті. Келесі жылы соғысқа кеткен күйеуінен бір хат келген. Онда ұрысқа кіргелі тұрмыз депті. Содан хабар-ошарсыз кеткен.
– Тағдырдың жазуына амал бар ма,– дейді апай. Күйеуім қыршындай кетті ғой. Қарғыс атқыр соғыс кімдердің басын жалмамады. Сол күйеуімнен Балдырған деген бір ұл бала қалды. Қазір жасы 74-те.
Апай сөйлеп отыр. Мен бұл кісіге келерде 90-ға келген адамның сөзін түсінем бе, түсінбеймін бе деп ойлаған едім. Жоқ, қария ширақ екен. Сөйлеген сөздері де ап-анық. Жақсы естиді. "Сайрап" тұр.
Шиеліден апаймен бірге 8 әйел Долбушка деген жерде трактордың оқуын оқыпты. Тіпті мұғалімінің атын да ұмытпаған. Ахмет Жүнісов деген кісі сабақ берді дейді. Долбушкаңыз Шиеліден 12 шақырымдай жер екен. Осы екі аралыққа әлгі 8 әйел жаяу барып, жаяу қайтады.
– Бір жеті жатып, оқимыз,–деп еске алады апай. – Сенбі күні паекқа бидай береді. Соны қол диірменмен тартып, нан ғып пісіріп алып, қапшыққа салып арқалап, жаяу кетеміз. Сонда жаяу кетіп бара жатқанда шы-ғарған өлеңіміз де бар.
– Апыр-ай, ә! Есіңізде болса, айтып жіберіңізші деймін мен. Апай  тақпақтай жөнелді.    
Жаяушылық  тиіп отыр таңдайға,
Суық өтіп желге қарсы маңдайға.
Көзі ашық азаматтың бірі еді,
Есмақ та қарамады-ау жағдайға,
– деп апай екі-үш шумақ өлеңді айтып тастады.
– Есмақ деген бригадиріміз болған,– деді апай сосын. – Бірақ оның қолында тұрған   ештеңе жоқ қой. Ол кезде машина деген мүлде болған жоқ. Ат-арба да жетіспейді. Әшейін көңілдің шерін тарқату үшін шығарамыз ғой өлеңді.
Шиелінің сегіз әйелі Долбушкада трактордың оқуын үш ай оқып бітіреді. Сосын апай Шиеліде Балтабай дегеннің баласы Аңсағанмен доңғалақты тракторда кезектесіп, жұмыс істейді. Әлгі трактор дегені 2-3 шақырым жүрсе болды, сынады. Оны Долбушкаға апарып қайта "жаматып" әкеледі. Әлсін-әлсін жөндеу-ден әбден зықысы шығады. Содан үш айдан кейін тракторды тастап, бірде өгіз, бірде сиыр жегіп, соқамен жер жыртады, егін егеді. Бұл да өте ауыр жұмыс еді. Бірақ амал жоқ, төзуге тура келеді.  Күш-қуаты бар азаматтардың бәрі майданда. Ауылда қалған ақсақ-тоқсақ шал-шауқан. Солардың бірі Бекмағанбет деген шал еді.
– Е, шырағым-ай, несін айтайын, өте қиын заман болды ғой. Тамақ жоқ.  Паекқа бидайдың "отходын" береді. Қырдың басындағы тамағымыз – быламық. Бір уыс бидай ұрласаң, соттап жібереді.
Соғыс аяқтал-ғаннан кейін апай Нұрқанәли деген кісіге екінші рет күйеуге шығады. Ол кісімен түскен суреті қабырғада ілулі тұр екен.
– Екінші күйеу-іңізге ғашық болдыңыз ба?– дей-мін мен әзілдеп.
– Ой, шырағым, қайдағыны айтады екенсің,– деп апай күліп алды. Ол заман еркек таңдайтын заман ба? Бұйырғанына тидік қой. Құдайға шүкір, жаман болған жоқпыз. Шиелідегі Шайжан деген қайнағам жалғыз сиырын сойып, қонақасы берді. Сосын Құлшықайға, одан кейін Теңіздің Талапкеріне көшіп бардық. Күйеуім мал бақты, мен сиыр саудым.
Иә, Күнжамал апай барлығы 12 құрсақ көтерген. Соның 11-і екінші күйеуінен. Бес баласының дәм-тұзы таусылған екен, жетеуі-аман-сау. Бұлар –Балдырған, Бақытжан, Бақытжамал, Мағжан, Бәтима, Сәлима және Ләззат. Бәрі де түрлі салада өз жұмыстарын абыройлы атқарды және атқарып жүр.
Апай бүгінде мәуелі бәйтерекке айналды. Ол балаларынан 17 немере, 20-дан астам шөбере сүйіп отыр. Шөбересінің алды 20 жастан асып бара жатыр. Құдай бұйыртса, шөпшегін де көргісі келеді.
Әңгімелесіп отырып мен апайдың зердесіне, есте сақтау қабілетінің мықтылығына таңқалдым. Баяғы бала кезіндегі, жас  кезіндегі адамдардың есімдерін әлі ұмытпаған.
Қария қазір Қостанайда ұлы Мағжан мен келіні Зайраштың қолында тұрады екен.
– Балаларымның бәріне де ризамын. Алақандарында ұстап отыр. Бәрі де заманның түзулігінің арқасы ғой. Тәуба деймін. Менің, менің замандастарымның көргенін бүгінгі ұрпақ көрмесін. Елімізде, жерімізде тыныштық болсын!– дейді бүгінде 90 жасқа толып отырған Күнжамал апай.
Дамир
    ӘБІШ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓