Қарғын су қадағалауда
Өңірімізде су тасқыны екпін ала бастады. Өткен демалыс күндері облыстың бірқатар аудандарында, Қостанай маңындағы Дружба кентінде, сондай-ақ оңтүстік айналма каналы аймағында еріген суды сору, құм салынған қаптарды төсеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Құтқарушылар, коммуналдық қызметтер және мердігерлік ұйымдар бірлесе күш салып, қауіпті аймақта қалған тұрғын үйлерді су басудан аман алып қалды. Бұл туралы облыстық ТЖД қоғаммен байланыс тобы хабарлайды.
«Облыстық жедел штабтың мәліметі бойынша Төменгі Шортанды, Жоғарғы Шортанды, Желқуар, Қызылорда, Қаратомар, Сергеев және Амангелді су қоймаларындағы жауын-шашын мен су деңгейіне күнделікті бақылау ұйымдастырылды. 10 сәуірдегі жағдай бойынша өзендердің қауіпті учаскелерінде 26 гидробекет жұмыс істейді, күн сайын мұздың қалыңдығы өлшеніп отырады. Гидротехникалық құрылыстарда су қоймаларындағы су деңгейін бақылауды жүзеге асыратын кезекші бригадалар бар. Жергілікті жерлердегі жағдай мамандардың үнемі қадағалауында. Бақылау бекеттерінде қосымша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Тобыл және Аят өзендерінде мұз қату байқалып отыр. Өзендер деңгейі күрт көтерілусіз және су басусыз ағуда», – делінген хабарламада.
Ресей Федерациясының шекаралас облыстарымен: Орынбор, Челябі және Қорған облыстарымен су қоймаларына су жіберу бойынша күн сайын ақпарат алмасу қолға алынған. «Қазсушар» РМК деректері бойынша Жоғарғы Тобыл су қоймасының көлемі 485,82 млн текше метр (толық 816,6 млн текше метр) және Қаратомар су қоймасының көлемі – 261,1 млн текше метр (толық 586 млн текше метр) құрайды. Қарасу ауданының өзен бассейндерінде қарқынды қар еруі байқалып, еріген ағын қалыптасып отыр.
Қостанай облысының ТЖД көктемгі мұз қату кезеңінде мұздағы қайғылы жағдайларды болдырмау үшін өзендер мен су қоймаларының арналарынан өтпеуге кеңес береді. Ата-аналар бақылауды күшейтіп, балаларды жазатайым оқиғалардан қорғауы қажет.