Көпір құрылысы қарқынды
Қостанайдың КСК шағын ауданындағы Тобыл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы жалғасуда. Ел арасында «Корей көпірі» аталған ірі нысан жұмыстарының қазір 40% аяқталды, деп хабарлайды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Осыдан екі жыл бұрын Қостанай қаласына КСК арқылы кіреберіс автомобиль жолында көпір салу жобасы әзірленіп, сол жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Одан кейін «Казахдорстрой» ЖШС мердігерлік ұйымы барлық конкурстық рәсімдерді өткізгеннен кейін өткен жылдың мамырында нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кетті.
Қазір 1973 жылы салынған ескі көпірдің жанына жаңасы бой көтеруде. Ескі көпірдің жағдайы қанағаттанарлықсыз және жылдан-жылға көлік көбейіп, жолы тарылып жатыр. Оның үстіне қала тұрғындарынан бұл өткелде жол-көлік оқиғаларының толастамай тұрғаны және жиі кептеліс болатыны туралы шағымдар аз түсіп жатқан жоқ. Себебі, Тобыл қаласы мен Қостанайдың солтүстік-шығыс бөлігін жалғап жатқан өткел тар, қала жақтан кіретін жолдар бүлінген, әсіресе, көктайғақ кезінде жүргізушілерге айтарлықтай қиындықтар туғызады.
– Құрылыс жобасында көпірді бірінші техникалық санатқа дейін жеткізу жұмыстары қарастырылған. Атап айтқанда, қозғалысқа арналған жолақтар саны 4-ке дейін, жолдың ені 15 метрге, көпірдің ұзындығы 261 метрге дейін ұлғаяды. Жобаның жалпы құны – 4,4 млрд теңге. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2021 жылдың соңына дейін аяқталады, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев.
Құрылыс қажеттіліктері үшін мердігер ұйым «Гражданстрой 2006» ЖШС топырақ сатып алды, бұл материал барлық құрылыс нормаларына сәйкес келеді.
Құрылысқа індет көмілген жердің топырағы қолданылып жатыр деген қаңқу сөз тарап жатқаны белгілі. Мамандардың айтуынша, сібір жарасынан өлген мал көмілген аймақта орналасқан «Ремдортехника» ЖШС карьерінен топырақ әкелінген жоқ. Себебі, жоба аталған серіктестік оны әзірлеуге лицензия алғаннан бұрын жасалған, қазіргі уақытта бұл карьердің топырағы қатып жатыр.