Сақ болсақ, жұдырықтай жұмылсақ…
Көкірегі ояу, арда замандастарымыз төрткіл дүние мен еліміздегі жағдайды жақсы біліп отыр. Қалың ел, қара орман отбасы – ошақ қасында, көңілі алаң. Атың өшкір індет біздің елге де мысықтабандап кірді. Мемлекет кешенді де дәйекті іс-шараны жүзеге асыруда. Елдің барлық азаматтарының қауіпсіздігі мейлінше жіті қадағалануда. Осы орайда бүгін дүйсенбіде Қ.-Ж.Тоқаев : «Бұл – береке-бірлігіміз сыналатын уақыт», – деп атап көрсетті. Иә, ағайын, сын сағаты соқты. Мұндайда әр адам өзінің адамдық болмысын көрсететін сәтке кезігеді. Кімнің кім екені, ағайын-туыс, аға-бауыр, құда-жекжат, дос-жаран, ниеттес-пейілдестердің ара-қатынасы, жанашырлығы, мейірім-шапағаты қандай екені айқындалады.
Қазіргі кезде ел үшін қам-қарекеттің қатарындағы, істің бірі – сөз. Абыз Абай: «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын», – деп осыдан 125 жыл бұрын айтқан екен. Ат аяғынан, адам құлағынан семіреді. Ертеректе апаларымыз "отқа келген келіннің отыз ауыз сөзі бар" дейтін. Оттың шаласы, сөздің аласы жаман. Бүгінде отыз тістен шыққан сөз отыз рулы емес, қалың қазақ жұртына тарап жатыр. Тәжтажалдың кесепатын өсіріп те, өршітіп те, құбыжық қылып та әлеуметтік желіде толассыз айтуда. Қалың нөпірдің ақ-қарасын айырып жатпай, ерігіп ап, еліріп, сөз додасына түскендер көбейді. Рас, ел аузына қақпақ болатын заман өтті. Бірақ, ауыз менікі екен демей, «Ашуың келсе, қолың тарт, айтпас жерде тілің тарт». Өсек-аяңды қоздыру мен тарату – аса қауіпті эпидемия. Не айтсаңыз да ойланып барып, тосып айтыңыз. Кесірлі ауыздың кесепатты сөзінен талай тағдырдың опық жейтінін қаперден шығармайық. Жасыратын несі бар, өз басы ши басын сындырмай, қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарға «өкпелеп», кіжініп, қызылкеңірдектеніп күн өткізіп жүргендерді қайда қоямыз? Бірдеңеден көңілі қалса, сырттан долбарлап, айдаладағы біреулерді жазғыратындар ше? Қазір біреуге өкпелейтін де, кіжінетін де, жазғыратын да уақыт емес. Елдің еңсесін түсіріп, үрейін алу – қаскүнемнің ісі. Көлденең көкаттылардың сөзіне ерсеңіз, тыныш ұйқыдан қаласыз. Абзалы – ақылға жүгіну.
Екінші мәселе –тәртіп. Тәртіп болғанда сақтық шараларын, санитарлық талаптарды орындау. Қазіргі каникулды сылтауратып, «Үйге сыймай» көрші көшеге қыдырып кетіп қалатын ересек балалардың назардан тыс қалу да кездеседі. Бір жерлерде «еріккен» зейнеттегілердің домино, шахмат деп бас қосатындарды да құлақ шалып қалды. Сондықтан да бала-шағадан бастап, егде қария-қарттарымызды жауапкершілікке тарту – әр естияр азаматтың міндеті болса керек. "Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін!» – деді Президентіміз.
Байқап отырсыздар, билік әр өңірдегі, тұтастай елдегі жағдайды жіті бақылап, азаматтардың тұрақты хал-ахуалы үшін барлық қамқорлықты жасаудың соңында. Бұған кәсіпкерлердің, ауқатты да әлеуеттілердің, қарапайым ер-азамттардың жұмыла кіріскенін көрісіп отырмыз.
Ел басшысы індет, дағдарыс уақытша, өтпелі нәрсе екенін, бұл дағдарыстың қауіппен бірге мүмкіндігі барлығын қадап айтты. Елдегі тұрақтылықты сақтау шараларына жұмыла кіріссек, алынбайтын қамал жоқ. Ендеше, ең керегі – сақтық пен сабыр.