Сабақты ине сәтімен
Жер-жаһанды Covid-19 жайлап, карантиндік шектеу шаралары күшейтілгелі жұрт онлайн саудаға ойыса бастады. Әлемдік тенденциядан қазақстандықтардың да қалыс қалмағанын айта кеткен жөн. Соңғы уақытта ел азаматтарының жаппай онлайн сауда жасай бастауы ритейлерлер мен банктердің мобилді қосымшалары арқылы e-shopping-ті дамыта түсуіне ықпал еткен.
2020 жылдың 9 айында қазақстандықтар интернет және мобилді телефон арқылы 21,3 трлн теңгенің төлемін жасаған. Бұл туралы finprom.kz ақпараттық зерттеу орталығы хабар таратуда. Аталған көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе, ал бес жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда 331 есе көп.
Былтыр ел тұрғындарының қазақстандық және шетелдік карталармен төлем жасауы 69,9 пайыз болса, биылғы көрсеткіш – 81,4 % жеткен. 2015 жылы ғана біздің азаматтар мұндай жетістікпен мақтана алмайтын. Бес жыл бұрын халықтың 9,9 % ғана картамен төлем жасаған көрінеді.
Осыған сай соңғы уақытта түрлі қосымша мен сервистер және технологиялық шешімдер шығып жатыр. Speedtest Global Index мәліметінше, Қазақстандағы кең жолақты интернет жылдамдығы да жоғарылаған. Қазан айында еліміз 176 елдің ішінде 63-орын алды. Яғни, қыркүйек айымен салыстырғанда 4 сатыға, былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 6 сатыға өскен. Бұл орайда ең үздік көрсеткіш Сингапур, Гонконг, Румыния елдеріне тиесілі болса, ең төменгі көрсеткіш иесі есебінде Түркіменстан мемлекеті аталған.
QIWI Россия коммерциялық директоры Александр Агаков отандық Forbes.kz басылымына берген сұхбатында Қазақстандағы онлайн-төлем нарығының дамуы туралы өзекті пікір білдіреді.
«Қазақстан дәл қазіргі кезде терминалдардан онлайн-нарыққа өту трансформациясын бастан кешіруде. Коронавирус бұл процесті тіпті жылдамдатады. Әсіресе, сақтандыру, несие беру саласында онлайн-төлем саны өседі. Клиентпен жұмыс істейтін кез-келген сала жаңа интерфейстік шешімдерге ұмтылады. Көп уақыт төлемдерді секьюриттеуге және тұтынушылар мәліметін сақтауға жұмсалады. Қазақстан QR-код трендін тез меңгеріп алды. Сондықтан ел нарығында осы бағыттан үлкен мүмкіндіктер күтуге болады», – дейді сарапшы.
PwC Kazakhstan консультациялық қызмет серіктесі Наталья Лим локдаун кезінде қалалардың жабылуы, әлеуметтік қашықтықтың орнауы электронды коммерцияның еселеп өсуіне әсер етті деп санайды. Оның айтуынша, бұдан былай адамдар сауда дүкеніне барып, тауар таңдауды да азайтады. Бәрі онлайн атқарылмақ. PwC Kazakhstan мен Цифрлы Қазақстан қауымдастығының бірігіп жүргізген зерттеуі бойынша, биыл бөлшек электронды сауда нарығы көлемі 382 млрд теңге болған. Былтырғы көрсеткіш – 198 млрд теңге. Орташа чек құны да өскен (2019 – 18 %; 2020 – 63 %). Зерттеу мәлімдемесінде олар 2021 жылдың биылдан да табысты болуы мүмкін екенін пайымдайды. Өйткені нарыққа жаңа ойыншылардың келетіні және биылғы табыс тапқан ойыншылардың сервисті жетілдіріп, ассортиментті кеңейтуі осы ойға жетелейді дейді олар.
Сауда-саттықты онлайнға ойыстыру мақсатында елімізде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, ҚР Ұлттық банкі Ұлттық төлем жүйесін дамыту бағдарламасын қабылдады. Төрт жыл ішінде жаңа инфрақұрылым Қазақстанда өрістетіліп қана қоймай, ЕАЭО елдерінің шетелдік баламаларымен интеграцияланатын болады деп бағамдалуда. Ұлттық төлем карточкалары жүйесінің өзі келесі, 2022 жылы пайда табуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 30 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Ұлттық Банкінің басшысына 2025 жылға дейін ұлттық төлем жүйесін әзірлеу туралы тапсырма берген болатын. Реттеушінің пайымдауынша ұлттық төлем инфрақұрылымы екі негізгі компоненттің – лездік төлемдер жүйесінің және төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің айналасында құрылымдалатын болады.
Kursiv.kz сайтында келтірілген мәліметтерге жүгінер болсақ, лездік төлемдер жүйесі кез келген төлем құралы мен арнаны пайдалана отырып, тәулік бойы нақты уақыт режимінде бөлшек транзакциялар мен аударымдарды жүргізуді білдіреді. Мұндай жүйенің негізі қазірдің өзінде бар: "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" РМК (ҚБЕО) базасында жекелеген ЕДБ қатысуымен жеңілдетілген реквизит бойынша лездік төлемдердің функционалы жұмыс істейді. Ұлттық банк осы инфрақұрылымға банктік емес ұйымдарға да рұқсат беруді ұсынады. Осылайша, бағдарлама авторлары әртүрлі электрондық ақша жүйелері, сондай-ақ банк жүйелері мен электрондық әмияндар арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз ете алады деп санайды.
Ұлттық төлем жүйесі Қазақстанда үш кезеңде пайда болуы тиіс. Бірінші кезеңде – 2021 жылы – лездік төлемдер жүйесін әзірлеу және төлем карточкаларының банкаралық жүйесін құру жүргізілетін болады. Екінші – 2022-2023 жыл аралығында төлем карточкаларының банкаралық жүйесі толық көлемде іске қосу жоспарланған. Осы екі жыл ішінде ұлттық төлем жүйесінің инфрақұрылымдық компоненттерін ЕАЭО кеңістігіндегі ұқсас шешімдермен біріктіру жоспарланып отыр. Үшінші кезең – 2024 жылдан бастап 2025 жылға дейін, бұл кезеңде ұлттық төлем инфрақұрылымын және жаңа сервистерді дамыту жоспарлануда.
Сондай-ақ Қазақстанда төлем карточкалары бойынша операцияларды өңдеу үшін жергілікті инфрақұрылым құруды ұсынылуда. Бастаманы іске асыру елішілік төлемдер үшін жаңа құрал – цифрлық карточканы (төлем ID) енгізуге мүмкіндік береді. Ұлттық банк өкілдерінің уәжінше, цифрлық карточка жүйеге қатысушылардың шығындарын айтарлықтай оңтайландырмақ.
Цифрландырудың кең жолақты интернетсіз жүзеге асырылмайтыны мәлім. Осы бағытта Қостанай облысында да ауқымды жобалар қолға алынды. Жергілікті билік цифрландыруды алдымен білім ошақтарынан бастауды жөн көрген. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру шеңберінде облыстың барлық 489 мектебі жоғары жылдамдықты (4 Мбит/с бастап) интернетке қосылған. Соңғы екі жылда меценаттардың көмегімен облыста 74 IT-сыныбы мен 34 робототехника кабинеті ашылды. Мұның барлығы да жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында қолға алынуда.