Роза Қуанова: “Менің өз Ыбырайым бар”
Қызмет жолын ұлы ағартушы мұрасын түгендеп, насихат етуге арнаған, ұзақ жыл облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінде жемісті жұмыс істеген жандардың бірі – Роза Қуанова. Еселі еңбегі үшін түрлі халықаралық, республикалық және облыстық марапаттың иегері атанды. Бүгінде зейнетке шыққан ғылыми қызметкерді ұлт ұстазының мерейтойы қарсаңында әңгімеге тарттық.
– Роза Қаратайқызы, сіз Ыбырай мұрасын насихат етуге отыз жылдай өміріңізді арнаған жансыз. Осынша уақыт ішінде ел игілігіне жарар қандай еңбектер атқардыңыз?
– Музейге 1992 жылы экскурсия жүргізуші болып қабылдандым. Сол жылы ғылыми-ағарту бөлімінің, тағы үш жылдан кейін Қазақстанның халық жазушысы Мә-риям Хакімжанованың шығармашылық зертханасының меңгерушісі лауазымы еншіме бұйырды. Одан әрі, 2000 жылы музейдің жетекші ғылыми қызметкері, 2014 жылы директордың ғылыми жұмысы жөніндегі орынбасары болдым. 2014-2015 жылдары және 2017 жылдың сәуір-шілде айлары аралығында музей директоры міндетін атқардым. Жалпы, басшы болам деген ой ешқашан көкейімді мазалаған емес. Дегенмен, жүктелген міндетке адал болуға тырыстық. Бәрін алтындатып-күмістеттім демеймін. Кейде үлкен меймандарға әзіл-шынды қылып: "Бастысы, бәрі тірі, музей орнында, қабылдап алған қалпымда", – дейтінмін. Атқарылған шаруалар да аз болған жоқ. Мәселен, "Мәдени мұра" бағдарламасына байланыс-ты көптеген игі іс-шараның жүзеге асуына ұйытқы болдық. Мәдени-көпшілік шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға, экскурсия және дәрістер өткізуге бар білігімді жұмылдырдым дей аламын. Рухани үйіме айналып кеткен аталмыш музейде ұзын-ырғасы 28 жыл қызмет етіппін.
Осынша уақыт мерзімінде ұлы ағартушының құнды мұраларының насихатталуына қал-қадірімізше еңбек сіңірдік. Айталық, Алматы, Ташкент, Санкт-Петербург қалалары мұрағаттары мен кітапханаларында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстар нәтижесінде музей қоры Ыбырай атамыздың өмірі мен қызметі туралы көптеген материалмен толықты. Ұлы ұстаздың жеке заттарын қорға жинастырып, ол туралы буклеттер шығаруға қосқан үлесіміз бар.
– Ыбырай туралы кітаптардың, жинақтардың жарық көруіне, БАҚ арқылы насихатталуына көмегіңіз тиді ме?
– Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті басып шығарған Ыбырай туралы 5 томдық шығармалар жинағы редакциясының алқа мүшесі болдым. Сонымен қатар, Ыбырай Алтынсарин туралы "Білім және мәдениет" республикалық телеарнасының "Өмір жолы" және "Дала шежіресі" бағдарламалар, "Хабар" телеарнасының "Ұлы қазақтардың тағдыры мен құпиясы", "Kazakh TV" телеарнасының "Музейлердің құпиясы", "Дәуір даналары" секілді деректі фильмдер түсіруіне көмек көрсетіп, сұхбаттар бердім. Ыбырайдың ақындық мұрасын насихаттау мақсатында музей қабырғасында "Шашу" атты поэтикалық шара ұйымдастырып, Ғұмар Ахметчин, Серікбай Оспанов, Сейіт Кенжеахметов, Әсия Беркенова, Ақылбек Шаяхметов, Әбдірахман Досов секілді көптеген қостанайлық ақын-жазушылармен танымдық тағылымды кездесулердің тұрақты түрде өтіп тұруына тигізген септігіміз де музей тарихының бір тарауына татырлық дүние еді. 2012 жылы жетекші ғылыми қызметкер ретінде музейіміздің реэкспозициясының тұжырымдамасы мен тақырыптық-экспозициялық жоспарын құруға атсалысқанымды да айта кетуге болар. "Ұлттың ұлы ұстазы" аталатын етжеңді кітапқа "Ыбырай Алтынсариннің Ырғыздағы ізімен" атты мақалам енді. Мерзімді басылымдарда да музейдің тыныс-тіршілігі, олжалы жаңалықтар туралы хабар-ошарлар беріп тұрдық. Өскелең буын алдында ұлы ағартушының өмір деректері мен құнды мұралары хақында дәрістер оқыдық.
Сөз орайы келіп тұрған соң осынау азды-көпті еңбегімнің елеусіз қалмағанын да айта кеткен артық болмас. 1986 жылы ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" орденімен, 2001 жылы "ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл" медалімен, 2006 жылы облыстық мәдениет басқармасының алғыс хаты, 2008 және 2016 жылдары Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. 2016 жылы "Қостанай облысының Еңбек даңқы" кітабына есімім енгізілді. 2008 жылы дамушы елдермен ынтымақтастық жөніндегі (НІYOS) Нидерланды гуманитарлық институтының "Дешт-и-Арт" заманауи мәдениет орталығының, 2016 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының сертификаттарын иелендім.
– Ыбырай сіз үшін кім?
– Ол әрі түпсіз терең, әрі заңғар биік, әрі шексіз кең. Сондықтан оған баға берерде екінің біріне қаратып айтыла бермейтін "Ұлы" деген сөзбен шектелуге мәжбүр боламыз. Дей тұрсақ та, Ұлы ағартушыға әркім әр қырынан қарауы да мүмкін. Мысалы, менің өз Ыбырайым бар. Өмірімнің темірқазығындай болып кеткен Ыбырай. Өзі жазған "Таза бұлақтай" ешқашан кіршік түспейтін Ыбырай. Солшыл саясат пен қараңғылау түсініктердің күстанасынан әрдайым ада тұратын Ыбырай. Ұлтын ағартудан алабөтен мұраты болмаған Ыбырай. Тәңір қазақтың таланына берген Ыбырай… Керек болса, шешемнің руы алтыбас екенін алға тартып, оны нағашым деп тануыма да жөн бар еді. Бірақ оған руластан гөрі сырлас, мұңдас, рухани туыс деп қараған жаныма жақынырақ. Оның өз ұлты үшін лайықты деңгейде еленгенін қалайтын қазақтың бірі ғанамын… Кезінде төл теңгемізге жаппай қазақтың әйгілі тұлғаларының бейнесі таңбаланып шыққанда дәл Ыбырайдың ескерілмегеніне қапаланғаным бартын. Кейін бәрі ауысып, қажетсіз болып қалғанда қайта қуанғаным есімде. Нақ сол сәттегі сезімдерді көп уақыттан кейін, түкке тұрғысыз естелікке айналған соң еске алудың өзі қызық. Әйтпесе, Ыбырайдың еткен ісі бір адамның ғұмырындағы құбылыстармен ғана өлшенуі мүмкін емес. Ол келешектің замандасы ғой… Жалпы, Ыбырайды әсем сөздермен әспеттей беруге болады, бірақ оның ұлт үшін сіңірген еңбегін түйсіне алмасаң, бәрі бекер. Сонда да болса, көкейімде әлі күнге қалып қойға бір сөз бар. Бір жолы Атырау облысынан музейімізге бір мейман келіп, естеліктер альбомына мынадай жазба қалдырды: "Ыбырай Алтынсарин – ғасырлар толғатып туған сирек тұлға!" Иә, бұдан асатын сөз іздеудің қажеті жоқ. Көкейімдегіні тап басқан теңеу! Оның барлық еңбегін халқымызға насихаттау – басты міндет. Одан кейінгі мақсат – әйгілі тұлғаны әлемге таныстыру. Ал ол жалпы қазақты жаһанға танытудың бір парасы болар еді.
– Ыбырайдың есімін ұлықтау тұрғысында туған жерінде атқарылған қандай ауқымды істерді есіңізге түсіре аласыз? Тәуелсіздік жылдарынан бастап, бүгінгі таңға дейін ұлы тұлғаның мұраларын, өмір деректерін түгендеп, жалпы лайықты деңгейде құрмет көрсете алдық па? Әлде әлі де ыбырайтануда кенжелеп келе жатқан тұстар бар ма?
– Ең бірінші айтарым, қостанайлықтар үшін "Дала қоңырауы" Ыбырайдың жерлестері болғанының өзі бір мақтаныш! Ұлы ағартушының кіндік кескен туған жерін, өскен мекенін, қалдырған іздерін іздеп келуші меймандарға кеудеңді мақтаныш сезімі керней тұрып қызмет етудің өзі ғанибет қой. Әрине, әсіресе, тәуелсіздік алған жылдан бері қарай ыбырайтану ғылымы бірізділене бастады деуге болады. Туған жеріне көрші елдер мен өзге өлкелерден қаншама қазыналы мұралары жинақталып әкелінді. Ағартушыға қатысты ақтаңдақтардың беттері ашыла бастады. Оның ғұмыр дерегі мен рухани мирасына, шынайылықтың көмескі тарта бастаған сорабына "шам алып түсуші" ғалымдар қатары артты. Ел ішіне сіңісті болып кеткен байламы жоқ алыпқашпа әңгімелердің ақ-қарасы ажыратылды. Қор толығып, жәдігерлер жаңғырды. Дей тұрғанмен, бұл тоқмейілсуге себеп емес деп ойлаймын. Өйткені сырт елдер мұрағаттарында ыбырайтану ғылымына олжа болар құжаттар әлі де бар деген ойдамын. Осыған жітірек көңіл бөлінсе деген көкейде тілек бар.
– Ыбырай мерейтойының лайықты бастамасы ретінде өткен жылдың соңына таман Қостанай қаласында ұлы ағартушының еңселі ескерткіші ашылды. Мұны қаншалықты маңызды оқиғаға балайсыз?
– Менің түсінігімде, бұл – өңір мәдениетінің тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі. Қостанайдың қақ ортасында, өз атымен аталатын көше бойында сән түзеп тұрған ұлы ұстаздың бейнесін көру неткен қуаныш! Осы идеяны іске асыру үшін "темір етігі тебендей болған" бір кісі болса, ол – ардақты ұстаз Беген Көпеш. Ағамыз ойтілегін менімен де бөлісіп жүрді. Осы аяулы арманын үнемі аузынан тастамай, қолдаушылар қолын жинап, діттегеніне жеткенше көп ізденді деуге болады. Кейінге шегініс жасасақ, кезінде музей алдында да Ыбырайдың ескерткіші тұрды. Оның да пайда болуына, мекеме алдынан орын тебуіне осы кісі еңбек сіңірген еді. Артынан орталыққа прокуратура ғимараты салынатын болып, ескерткішті басқа жерге көшірді. Күнде көріп, кірген-шыққан сайын тағзым етіп жүрген ұстаз мүсінін орнынан көтеріп алып бара жатқанға қарап тұрып, жүрек сыздап, көңілдің біртүрлі қоңылтақсығаны бар-тын. Әрине, көзден таса жерге алып кеткен жоқ қой, қазіргі тұрған жері де жаман емес. Оның үстіне, міне, су жаңа мүсін пайда болды. Тұлғаға еңселі ескерткіш орнатудың өзі сәндік емес, ұлы құрмет, адам бойына рух дарытатын дүние. Сондықтан, бастамашылар ұсынысын, арман-тілегін бірден қолдап, демеу көрсеткен облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке де осы тұста алғыс айту керек. Осы облыс әкімінің қамқорлығы арқасында 2017 жылы Ыбырай кесенесі қараған көз сүйсінетіндей қандай керемет кейіпке енді. Бұл да сол кезде Тобыл-Торғай жұртына серпіліс сыйлаған оқиға болып еді. Дұрыс айтасың, Қостанай қаласында Ыбырайға еңселі ескерткіш орнату ұзтаздың мерейтойына жасалған ең үлкен тарту болды. Енді, уәде етілгендей, елорда мен Алматыда ағартушы мүсіні қойылса, қуанышымыз еселене түсер еді.
– Ол күн де алыс емес деген үміттеміз… Роза апай, сұқбат соңында оқырмандарымызға тілек-лебізіңізді жолдасаңыз.
– Биыл ел тарихы үшін аса маңызды бірнеше мерейтойдың басы тоғысып отыр. Бәрін бірдей санамағанның өзінде қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын, Ыбырай бабамыздың 180 жылдығын және музейімнің 30 жылдығын атап өтсем де жеткілікті шығар. Осының күллісі баршамызға қайырлы, құтты, баянды болсын! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мерекелерді атап өтуге басқаша көзқараспен қарайтын кез келді. Даңғаза мен ысырапқа ұмтылмай, әр атаулы датадан тағылымды, мазмұнды, рухани пайдалы дүние алуға тырысайық, барлық ынта-шынтамызды құндылықтарымызды түгендеуге, өскелең буынға өнеге көрсетуге арнайық дегім келеді. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Коронавирус тезірек қарасын батырып, қамсыз тіршілігімізбен қайта қауышайық!
– Әумин! Айтқаныңыз келсін!
Жандос Жүсіпбек