ТАБЫС КӨЗІ – ТАКСИ

Карантиндік шектеу енгізіліп, оқу, қызмет онлайн форматқа көшірілгелі қазақстандықтардың жүріс-тұрысы екі есеге қысқарған. Осыған қарамастан, елдегі такси қызметінің табысы алты айда төрт есеге артқаны белгілі болып отыр.

Finprom.kz сараптамалық сайты келтірген ақпаратқа жүгінер болсақ, еліміздегі жолаушыларды таксимен тасымалдау қызметін көрсететін компаниялар мен жеке кәсіпкерлер 2021 жылдың алғашқы алты айында шамамен 1,9 млрд теңге табыс тапқан. 2020 жылдың дәл осы мезгілінде такси жүргізушілері 400 млн теңге шамасында кіріс кіргізген. Бұл биылғы көрсеткішпен салыстырғанда төрт есеге төмен.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне жүгінер болсақ, такси қызметінің қазіргі табысы пандемияға дейінгі табысына жетпейді. Шектеу шаралары енгізілмей тұрған 2019 жылдың 6 айында жолаушылар тасымалынан түскен табыс 2,4 млрд теңгені құрапты. Сол кездері сервистік қызметтің қанат жаюына –  такси бағасының тұрақтылығы, жағар май бағасының арзандығы, ең бастысы,  ел тұрғындарының еркін қозғалысының себеп болғанын айта кеткен абзал.

Мәселен, автокөлік иелері арасында ерекше сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензин 2019 жылы 145 теңгеден саудаланды. Сәйкесінше, такси қызметінің құны да төмен еді. Облыс орталығынан КЖБИ немесе КСК шағын аудандарына қатынау құны 500 теңгеден аспайтын. Инфляция көлемі – 5,4 %, номиналды орташа табысы (ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі) 181 000 теңгені құраған қостанайлықтар еш қымсынбай, жол ақысын қымбатсымай жүре беретін. Ал, қазіргі уақытта АИ – 92 маркалы бензин бағасы – 175 теңге. Орталықтан  КЖБИ немесе  КСК шағын ауданына жету құны да 800 теңгеге көтерілді. Мұның үстіне елдегі инфляция көлемі 7 % артты. Ел тұрғындары артық жүрісті қойып, тапқан-таянғанын тамағы мен дәрі-дәрмегіне ғана жұмсайтын болды. Жүріс-тұрыс азайып, жағармай құны шарықтау шегіне жеткендіктен, такси компаниялары өз табысын сервистік қызмет құнын көтеру арқылы өндіре бастады.

Жалпы 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның жолаушыларды автокөлікпен тасымалдау компаниялары (әуе, кеме және темір жол тасымалын есепке алмағанда) 35,3 млрд теңгеден астам пайда тауыпты. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 22% – ға артық.

Ресми деректерге жүгінер болсақ, 2021 жылғы қаңтар-мамыр аралығында еліміз бойынша 771 млн жолаушы тасымалданған, ал өткен жылы локдаун мен төтенше жағдай режимінің күшейген кезінде жолаушылар ағыны екі есе көп болғанын айта кеткен абзал.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓