Жеңе біліп қиындықты қайратымен..
Облыс орталығындағы І.Омаров атындағы қазақ драма театрында аймақ өңіріндегі іскер әйелдер қауымдастығы филиалының құрылғанына жиырма жыл толуына байланысты «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл- әйелдердің үлесі» атты салтанатты жиын болып өтті. Іс-шараға облыс әкімі А.Мұхамбетов, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі Раушан Сәрсембаева қатысты.-Бүгінгі таңда мемлекетіміздің, соның ішінде облысымыздың өркендеуіне, экономикалық, әлеуметтік, саяси жағынан дамуына төрт жарым мыңға жуық белсенді қыз-келіншектеріміз іскерлігімен, жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен, белсенділігімен үлестерін қосып отыр. Осы қыз-келіншектеріміздің жетпіс пайызы педагог, сексен пайызы медицина саласындад қызмет істейді. Сол секілді біздің облысымызда да нәзік жанды қыз-келіншектеріміз аймақтың экономикалық, әлеуметтік және саяси өміріне белсене араласып, өздерінің іскерліктерін көрсетуде. Үстіміздегі жылғы барлық деңгейде өткен маслихат сайлауында әйелдерідің жеткен жеңісі отыз екі пайыз. Ал, шағын мен орта бизнестегі белсенді қыз-келіншектердің 43 пайызы басшы-жетекшілер қатарында. Өздеріңіз білесіздер, мысалы, көп жылдардан бері «Большевичка» тігін фабрикасын Татьяна Салманованы, «Сұлтан» ательесін Мәлике Төлемісованы, өңіріміздегі шаруа қожалықтарының бірін басқарып отырған Раиса Беккерді және тағы басқа да нәзік жандыларды атап өтуге болады. Осы залда отырғандардың қай-қайсысы болмасын еліміздің, облысымыздың қарыштап дамуына өздерінің үлестерін біркісідей қосып отыр,-деді өз сөзінде салтанатты жиынға қатысушы іскер қыз-келіншектерді айтулы датамен құттықтаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Аймақ басшысының айтуынша, қазіргі кезде нәзік жандылардың алтауы облыстық департаменттердің жетекшісі болса, жетеуі қала мен аудан әкімінің орынбасарлары, ал, отыз бесі-селолық округтерді басқарады.
Салтанатты жиын барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі Раушан Сәрсембаева, Алматы қалалық әйелдер көшбасшылары мектебінің жетекшісі Роза Бадаева, Арқалық қаласы туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Дәмеш Қосмұхамбетова, Қостанай облысы бойынша саясаткер әйелдер клубының төрайымы Римма Бектұрғанова қазіргі кезде қоғамдағы қыз-келіншектердің рөлі, осыдан жиырма жыл бұрын құрылған іскер әйелдер қауымдастығы филиалының атқарған жұмыстары туралы сол секілді тәуелсіздік жылдардан бері әйелдер Қазақстанда мемлекетіміздің қалыптасуына, экономикалық дамуына бағытталған барлық саладағы реформаларды жүзеге асырылуына өз үлестерін қосқандығын, әлеуметтік-маңызы бар жүздеген жобаларды іске асырғандарын қысқаша айтып өтті.
Осы салтанатта қауымдастықтың бір топ қыз-келіншектері еліміздің, өңірдің дамуына қосқан зор үлестері үшін медальдармен, алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды.
Гүлназым САҒИТОВА
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ