Сыйлық алған шенеунік айыппұл төлейді
Енді 2 АЕК-ге дейін сыйлық алғаны үшін шенеуніктер құны 1,8 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов брифингте мәлімдеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың нақты құрамы туралы егжей-тегжейлі айта келе, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оған теңестірілген тұлғалардың жауапкершілігі туралы баяндады. Атап айтқанда, өзі немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақы, сыйлық немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынған адамдардың пайдасына жеңілдіктер беру үшін әрекет етсе, мұндай әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса жауапкершілікке тартылады.
«Бұл жағдайда жоғарыда аталған лауазымды тұлғаларға 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін», – деді О.Бектенов.
Ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің жоқтығын түсіндіре отырып: «Егер алынған заңсыз сыйақы немесе сыйлық сомасы 2 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол бүгінгі күні 5 834 теңгені құрайды, алдын ала уағдаластық болмаса немесе сыйақыны қорқытып алмаса, онда мұндай құқық бұзушылық қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды, тек әкімшілік тәртіппен жазаланады», – деп атап өтті ол.