«Тобыл» тең ойнады
Қостанайдың «Тобылы» Қазақстан Премьер-лигасының үшінші туры матчында өз алаңында «Астанамен» ойнады.
Екі ұжым да турнир кестесінің жоғары бөлігінде тұр. Жылма-жыл жүлделі орындарға таласып келеді. Биыл да сол қарқында ойын көрсетуге тырысып жүр. Кездесуде есепті алғаш болып алаң иелері ашты. Серікжан Мұжықовтың бұрыштан көтерген добы Сергей Малыйдың басынан табылды. Ол өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Бұдан кейін ойын алма-кезек шабуылмен өрбіді. 83-минутта «Астана» сапынан Жарко Томашевич таразы басын теңестіріп кетті. Осылайша ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Сондай-ақ, 3 турда Петропавлдың «Қызылжары» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 2:0 есебімен сүріндірді. Ал «Қайрат» өз алаңында «Таразбен» тең түссе, Шымкенттің «Ордабасы» клубы Оралдың «Ақжайығынан» 2:1 есебімен тізе бүктірді. 4 сәуірдеТүркістанда «Тұран» мен Қызылорданың «Қайсары» 1:1 есебіне қанағат білдірсе, өз алаңында «Атырау» «Ақтөбеге» 1:3 есебімен есе жіберді. Енді төртінші тур ойындары 9 және 10 cәуір күндері өткізіледі. «Тобыл» Талдықорғанның «Жетісуымен» алаңға шығады.Қостанайлықтардың бас бапкеріГригорий Бабаян «Астанамен» өткен
ойыннан соң шағын сұхбатберді:
– Жүйкеге тиетін, эмоционалды ойын болды. Жеңгіміз-ақ келді, бұл кешегі ойыннан көрінді деп ойлаймын. Екінші таймның алғашқы 5-7 минутында қарсыласқа басымдық беріп қойдық. Бізге сергектік жетіспеді, кей тұстарда жігіттер ширақ қимылдай алмады. «Астананың» күшін білеміз, олардың көшбасшылары Марин Томасов пен Тигран Барсегянды «тұсап ұстаудың» жолын қарастырдық. Мұнымыз іске асты. Жалпы жанкүйер жақсы футбол көрді.
Әрине, доп ұстау кезінде әлде де сенімділік керек. Біздің шабуылдаушы тобымыз қарқын қосқаны дұрыс, гол соғатын сәттерді іске асыра алмай жатамыз. Бұл – олардың тікелей жұмысы. Қорғаныстағы жігіттерге де аянбай жұмыс істеу керек.
Ұлттық құрамаға аттанған футболшылар да көп күш жоғалтты. Олар біздің елімізді еуроаренада лайықты қорғады. Біздің 7 футболшымыз 9 күн ішінде 3 ойын өткізді, оған ұзақ рейстерді қосыңыз. Бұл футболшылар үшін үлкен жүктеме.
Жаттығу кезінде Жереми Манзоро аздап жарақат алып қалды, біз тәуекелге бармауға шешім қабылдадық.
Қасқырбай Қойшыманов