Үкімет басшысы Қостанай облысында

Алапат өртте баспанасынан айрылған азаматтарға үй салуға бюджеттен 2,2 млрд теңге қаржы бөлінген еді. Сол қаржыға 12 гектар аумақта 91 үй бой көтереді. Баспаналарға су, газ, электр жүйесі тартылады. Көшелеріне жол да салынады.

«Әкімдік пен мердігерлердің алдында үлкен міндет тұр. Құрылыс жұмыстарын 2 айда сапалы аяқтау керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында. Сондықтан тапсырмаға аса жауапкершілікпен қараған жөн», – деді Әлихан Смайылов мердігер компаниялардың өкілдеріне.

Білім ошағының спорт залын барар жері жоқ 3 отбасы паналап жатыр. Олардың бірі – 7 баланың анасы Оксана Авдеева. Аманқарағай ауылында 22 жыл тұрған үйі жанып кеткен.
«Бұл жерге 3 қыркүйекте орналастық. Бәрі бізге жақсы қарап жатыр. Тамағымыз тоқ, киім-кешегіміз жеткілікті. Ыстық-салқын су бар. Қолдарынан келген көмекті аямай жатқан жергілікті билік өкілдеріне де, еріктілерге де алғысымыз зор. Әзірге төлем алған жоқпын. Бірақ барлығына бірдей 1 миллион теңгеден берілгенін естідік. Көпбалалы ана ретінде үйсіз қалмайтынымды да айтты. Жағдайымыз оңалып кетеріне үміттеніп отырмыз. Президентіміз де келіп кетті. Бәріңізге мың алғыс», – дейді көпбалалы ана.

Іссапар Қостанай қаласындағы «Милк» сүт зауытында жалғасты. Онда кәсіпкерлермен кездесіп, мәселелерін тыңдады.
Үкімет басшысының Қостанай өңіріне сапары туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.