Ауыл футболын дамытпақ

Футболсүйер қауым Қазақстан футболын дамытудың 2022 жылғы стратегиясының жасалғанынан хабардар. Аталған бағдарламада балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. «Тобыл» футбол клубының базасында өткен дөңгелек үстелде осы мәселе талқыланды. Жиынға Қазақстан футбол федерациясы бұқаралық футбол департаментінің басшысы Ерлан Жамантаев, ҚР футбол федерациясының өкілі Болат Ысқақов және «Тобыл» футбол клубының директоры Николай Панин қатысты. Жиын соңында қостанайлық футбол мамандарының стратегияға байланысты ұсыныстары қаралды.IMG_8687
– Халық арасында футболды кең насихаттау мақсатында әрі қарай ортақ жұмыстар атқарылмақ. Стратегияда жазылған кейбір бағыттарды қайта қарау қажеттілігі туындап отыр. Бұл жиында елдегі бұқаралық футболды дамыту жобалары мен бағдарламаларын бірге дайындау мәселелерін талқыладық. Қостанай – футбол қаласы. Мұндағы футбол қауымдастығының ұсыныс-пікірлері біз үшін маңызды. Күн тәртібінде ауыл футболын жаңа белеске шығару мәселесі тұр. Бұған бірігіп кірісеміз, – деді Ерлан Жамантаев.IMG_8698
Өз кезегінде клуб директоры Николай Панин балалар футболын дамыту бойынша пікірін ортағы салды. Оның айтуынша, 2022 жылға дейінгі аралықты қамтитын стратегия – әуесқой футболды дамытуға үлкен қадам.
Ал клубтың жанкүйерлермен жұмыс жөніндегі маманы Марат Күзембаевтың сөзінше, облыс басшылығы мен ҚФФ ауылдық жерлердегі футболды дамытуға, қыздар футболына жабдықтар тарту жұмыстарына баса назар аударып отыр.
Сондай-ақ, бүгін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде орталық стадион базасында «Қостанай футболының тарихы» атты көрме ашылды. Болат Ысқақовтың айтуынша, мұндай көрме облыста тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
– Қостанай футболының тарихы «Тобыл» футбол клубымен тығыз байланысты. Сондықтан аталмыш көрменің осы клубтың базасында ашып отырмыз. Мұндағы мақсат жас ұрпаққа, әсіресе, балғын футболшылар, әсіресе, балғын футболшыларға Қостанай спортының тарихын көрсету еді. Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында да тарихтан ажырамау туралы баса айтты. Сол себепті де, осы көрменің ашылуын рухани жаңғыруды іспен көрсетудің үлгісі дер едім, – дейді Б.Ысқақов.
Көрмеге алғаш келушілердің арасынан өңірге белгілі футбол маманы Евгений Сластниковті сөзге тарттық. Айтпақшы, ол 20 жылдан астам уақыт «Тобыл» футбол клубына жанкүйерлік етеді.
– Бүгінгі көрме жұртшылықты Қостанай футболының тарихымен таныстырады. Мысалы, 2003 жылы УЕФА өткізген «Полония» – «Тобыл» кездесуінің хаттамасы сақталыпты. Осыдан бірер жыл бұрын атақты Франк Райкаардтың Қостанайға келгені біз үшін күтпеген жаңалық болды. Міне, сол сәт бүгін қайта еске түсіп отыр. Мұнда 70 жыл бұрынғы түсірілген суреттер, команда ұтқан кубоктар мен медальдар қойылған. Осындай көрме облыстың басқа қалаларында ашылса, жас аяқ-допшылар үшін керемет сыйлық болар еді, – деді футбол ардагері.
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓