Күмбірле мәңгі, күй-ғұмыр!

Бүгін  Қостанайдағы Жастар сарайында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші, дарынды дирижер Назымбек Молдахметовті еске алуға арналған "Домбырамның назы" атты кеш өтті.
Тобыл-Торғай өңірінің ғана емес, тұтас қазақ ұлты өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан күйші  егер арамызда болғанда 51 жасқа толар еді. Алайда аяулы азамат өткен жылы кенеттен қаза тапты. Ауыр қасірет ағайын-жұртын теңселтіп кетті…  Бүгінгі кеш – соңына өшпес із қалдырған тұлғаның  рухына жасалған тағзым. Өзі қызмет еткен Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония ұжымы және елдің өзге өңірлерінен арнайы келген көзкөрген өнерпаздар көрермендерді күй мен сазға бөледі. Назекеңнің бейнетқор еңбегінің мәңгілік мәуесіндей, арнайы тапсырысымен шығарылған туындылар орындалды. Жарқын бейнесін көріп, даусын естігенде көңілдері толқымаған жан кемде-кем болған шығар. Елдің әр түкпірінен көптеген танымал тұлға Тобыл өңіріне тебірене лебіз жолдады. Жұртшылыққа сүйінішті жаңалықты кештің шарықтау шегінде жария болды.
"Назымбек Молдабекұлы Молдахметов Қайыңды ауылында 1970 жылы 1 сәуірде туды. Бүгін, 1 сәуір – Назымбек Молдабекұлының екінші рет өмірге келген күні. Өйткені бүгінгі кеш қайраткердің мәңгілік өнер-ғұмырының басталғанының белгісі… Наз-ағаның есімін ардақтау, ұмыт қалдырмау тұрғысында көптеген ұсыныс айтылды. Таяуда филармония ұжымымен кеңес өткізіп, ақылдаса келе, өзі негізін қалаған қазақ ұлт аспаптар оркестріне есімін беру бастамасын көтердік. Бастаманың құзырлы орындардан қолдау табар күні алыста емес деп ойлаймын", – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Кеш соңында көпшілік орындарынан тік тұрып, өнерпаздармен бірге әйгілі Нұрғисаның "Құстар әнін" қосыла шырқап, соңында сілтідей тынып, қимас жанды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.Толығырақ – газеттің алдағы нөмірінде.
 
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓