Ұстаз – ұлы тұлға

Педагог мамандығы – ескірмейтін, бірақ уақыт өткен сайын бояуы түрленген формада, өзгеше тәсілімен жаңғырып, жаңарып отыратын сала. Оқушының ойлау мен қабылдау қабілетіне қарай және заманның ағымына сай білім беретін дәуір. Мұғалім болған соң, білім беру үдерісінде бүгінгімен ғана шектеліп қоймай,  келешектің оқыту форматы қандай дегенге терең үңіліп, соны меңгеріп отыру қажет. Яғни, ұстаздың түсінік-пайымы қоғамда ұдайы бір саты алда жүруі керек.
Осындай қиындығы да қызығы да мол мұғалім мамандығы иелерінің бірі – Каримова Ләззат Әубәкірқызы. Ләззат Әубәкірқызын ерекшелендіріп тұратын бойындағы басты қасиеті – ізденімпаздығы. Ол ешқашан да өз ісіне қанағаттанып, қол жеткізген жетістігіне масаттанған емес. Қашан да болса кәсіби біліктілігін жетілдіріп, білгенімен бөлісуге даяр тұрады.  Ұлы Абайдың: «Нашар ұстаз шындықты қайталайды,жақсы ұстаз сол шындықты іздеп, табуға үйретеді»-деген сөзі осы Ләззат Әубәкірқызына арналғандай. Себебі, тиімді педагогикалық әдістер арқылы оқушылардың дамуына қолайлы орта жасай біледі. Білімді дайын күйінде бере салмай, балалардың өз бетімен ізденіп, жетістікке қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Х республикалық «Бастау» математикалық турнирінде оқушысы Малиновский Вячеславтың топты жарып, 1 орынды иеленуі осыған дәлел емес пе? Сонымен қатар «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауы мен облыстық олимпиадасының, Республикалық «Зерек» ғылыми жұмыстары сайысы жүлдегерлерін де осы Ләззат Әубәкірқызы дайындаған болатын. Бұл тек қана алдыңғы оқу жылы қол жеткізген жетістіктер. Ал отыз жылдық еңбек жолына үңілсек, білім саласына қосқан зор үлесін байқар едік.
Әрине, адам бойындағы ең тамаша қасиет – өз білгенін өзгеге үйрете білу. Ләззат Әубәкірқызы әріптестеріне үйретуден де еш жалыққан емес. Математика кафедрасы жетекшісі ретінде мектеп көлемінде ғана емес облыс, республика  көлемінде де озық тәжірибесімен бөлісуде. Айталық, «Оқушылардың қисынды ойлау қабілетін дамытуда логикалық есептердің шешу жолдары» тақырыбы бойынша облыстық семинар өткізіп,  ағымдағы оқу жылының бірінші және екінші тоқсанында  қашықтықтан оқыту кезеңіне байланысты ұйымдастырылған республикалық теледидар арнасы арқылы өткізілген сабақтардың кеңесшісі болды.
Ұстаз неғұрлым табандылық танытса – оқушының да білімге деген ынтасы, ықыласы жоғары болары сөзсіз. Тәуелсіздікпен қатар үш онжылдық бойы еңбек етіп келе жатқан Ләззат Әубәкірқызы талай шәкірттің білім алуына ғана емес, келешекке деген сезімін, сенімін оятқаны анық.
            Назгүл АЙДНАЛИЕВА,
            педагогика ғылымдарының кандидаты.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓