“Жемқорлықпен күрес – заман талабы!”
Міне, осындай тақырыппен пікір-сайыстан мектеп оқушылары арасында облыстық турнир болып өтті. Турнирге қазақ тілдік лига бойынша тоғыз, орыс тілдік лигада он алты және ағылшын тілдік лигаға бес команда қатысты. Пікір-талас сайысы американдық парламенттік формат бойынша болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы пікір-сайыс турнирінің басты мақсаты ең алдымен берілген тақырыптарды жан-жақты талдау және мемлекеттің ең өзекті әлеуметтік мәселелерін шешу арқылы жастардың саяси белсенділігін арттыру, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру, жеке тұлғаның дамуына себепкер болу, көпшілік алдында сөз сөйлеу машықтығын дамыту. Әр команда мүшелері жоғарыда аталған тақырып бойынша дәлелдер мен деректер келтіріп бағдарлама мен жобаларын, ұсыныстар және пікірлерін білдірді. Осындай пікір-сайыста ұсынылған кейбір ұсыныстар мен жобалар республикалық деңгейде де талқыланатындығын да айта кеткеніміз жөн.
Ал, енді, турнирдің қорытындыларына келер болсақ, қазақ тілдік лигада бірінші орынға Әулиекөл ауданы №28 Құсмұрын орта мектебінің "Шоқан шәкірттері" командасы, екінші орынға Ы.Алтынсарин атындағы ДБМ "Жас дарын" командасы, үшінші орынға Қостанай қаласындағы М.Хәкімжанова атындағы №20 орта мектебінің "Мәриям түлектері" командасы ие болды. Орыс тілдік лигада бірінші орын Рудный қаласындағы №5 гимназияның "Кох и нор", екінші орын Қостанай қаласындағы №3 мектеп-гимназияның "Хунта", үшінші орын Ы.Алтынсарин атындағы ДБМ "Мстители" командаларына берілді. Ағылшын тілдік лигада бірінші орынды Рудный қаласындағы № 5 гимназияның "Mr. Haisenberg", екінші орынды Ы.Алтынсарин атындағы ДБМ "Diamonds", үшінші орынды Қостанай қаласындағы №3 мектеп-гимназияның "Хунта" командалары жеңіп алды. Турнирде ең үздік спикерлер болып әулиекөлдік Рустам Қорсақов, рудныйлық Константин Медведев, қостанайлық Камила Базылбекова танылды. Облыстық пікір-сайыс турнирінің барлық жеңімпаздары мен номинанттары білім басқармасының мадақтамаларымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Гүлназым
САҒИТОВА