Киберспорт: кім мықты?
Қостанайда "KSK Nauryz FastCUP" студенттер киберспорты турнирі аяқталды. Counter-Strike:Global Offensive ойынынан өткен жарыс Наурыз мейрамына арналды.
Турнир 19-31 наурыз аралығында онлайн режимінде өтті. Ұйымдастырушылар – Қостанай құрылыс колледжі және Қостанай облысындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
"Қазір киберспорт ерекше танымалдыққа ие болып келеді, ал таяу уақытта Олимпиада ойындары бағдарламасына енбек, – дейді құрылыс колледжі директоры Арман Шәмшин. – Әлемдік деңгейдегі бәсекелерге қазақстандық командалар да қатысып жүр. Киберспорт ең әуелі командалық рухқа тәрбиелейді, ал ол қазіргі қоғамда ынтымаққа ұйысу үшін аса қажетті дүние. Сондықтан біз бұл спорт түрін жастар арасында оның пайдалы демалыс қана емес, топппен жұмыс істеу қабілетін шыңдаудың тетігі ретінде насихаттауды көздейміз".
Турнирге 12 команда қатысты. Олардың жартысы – ақпан айында аймақ колледжідері арасында өткен облыстық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Ал қалғандары – ивентке алғаш рет қатысып отырған облыс ЖОО командалары.Ойын бастан-аяқ әлеуметтік желілерде көрсетіледі. Эфирлерді кәсіби комментаторлар дыбыстайды. Қатысушылар шара демеушісі саналатын "ForteBank" АҚ ҚОФ тіккен кубоктарды, медальдер мен жүлделерді сарапқа салды.
"Біздің студенттерге әрдайым айтатынымыз – олар ойынға беріліп, оқуды ұмытып кетпеуі тиіс, – дейді байқаудың бас төрешісі Есілбай Мұхамедрахымов. – Киберспорт елімізде кеңге қанат жайып келеді. Биыл республикалық турнир өткізу жоспарланып отыр. Жеңімпаздарға "Спорт шебері" мәртебесі беріледі. Егер жастар осы бағытта шыңдала түсуге ниет білдірсе, мұнан да биік деңгейлер бар".
Турнирдің шешуші ойыны "Гранд финал" аталады. Осы жолы мұнда AYAZ (Қостанай құрылыс колледжі) және ITIGAME (А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті) бәсекеге түсті. Ойын Best of three форматында өтті. Колледждің акт залында финал тікелей эфирден көрсетіліп, көрермендер ақтық "айқасты" "live"-режимде тамашалады.
Қорытындысында 2:0 есеп айырмасымен AYAZ командасы жеңіске жетті. Турнирдің үздік ойыншысы болып команда капитаны Тамерлан Нұрманов таңдалды.
"Бұл турнир "Саналы ұрпақ" жобасы аясында өтіп отыр. Мамыр айында "ашық турнир" өткізуді жоспарлап отырмыз, яғни оған кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Бұл турнир аймақта бұрын-соңды өткізілген ең ауқымды бәсеке болады деп ойлаймыз", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті директорының бірінші орынбасары Данияр Смағұлов.