Ыбырай музейі Алматыда
Ыбырай Алтынсарин — бар саналы ғұмырын туған халқын өнер-білімді, жаңа заманның өркениетті, мәдениетті елдерінің қатарына қосу жолына арнаған көрнекті тұлға.
Ыбырай халық ағарту ісінің де, ағартушылық әдебиеттің де, журналистиканың да негізін салушылардың бірі болса, Ахмет Байтұрсынұлы ол жасаған осы абыройлы істердің бәрін жалғастырып дамытушы, талантты ізбасары. Ахмет 1891 жылы Ыбырай қалаған Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде білім алды. Ыбырай ХІХ ғасырда кирилл негізінде қазақ алфавитін құрастырушы болса, Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырда араб графикасы негізінде қазақ әліпбиін жасап шықты. Екі тұлғамыздың еңбегін елге паш ету мақсатында Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің бір топ делегаттары Алматы қаласына "Қазақ әліпбиінің негізін қалаушылар" атты көшпелі көрмемен барып, таныстырып, ғылыми жұмыс та атқаруда.
Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлының музей үйінде ұлы ағартушының 180 жылдығына арналған жылжымалы көрменің салтанатты ашылуын өткізді. Көрмеге музей қорындағы Алтынсариннің асыл мұралары қойылды. Тарихи-танымдық көрмеде 45 жәдігер жұрт назарына ұсынылды. Қостанай өңірінен шыққан қос ғалымның еңбектерін насихаттауға арналған жиынға Алатау бөктеріндегі айтулы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Тарқатып айтсақ, ғалым-ұстаз Бақытжан Хасанұлы, жазушы, публицист Мағира Қожахметова, А.Байтұрсынов музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет, ф.ғ.д. Гүлжаhан Орда, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы, ҚазҰУ аға-оқытушысы Шоқан Шортанбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, этнограф-ғалым Гүлмария Оспанова және бір топ алматылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиын соңында ғалымдар өзара пікір алмасып, Ыбырай шығармаларының зерттелуі жөнінде ой бөлісті. Аталмыш көрме Ахаң музейінде 1-сәуірге дейін жұмыс істейді.
–Біз Көктөбенің баурайына келіп, көрмемізді көрсетіп жатырмыз. Ахаң музейінде көрме бес күн бойы жайғасып, келушілерді қарсы алуда. Одан қалды біз бұл жолы тек көрме мәселесімен ғана келмей, ҚР ұлттық мемлекеттік архивіне барып, екі күн бойы жұмыс істеп, Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай ағартушының өмірі мен атқарған қызметіне байланысты ғылыми іздестіру жұмыстарын жүргіздік. ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында да болып, көптеген жұмыстармен таныстық. Ы.Алтынсариннің еш жерде жоқ өзінің қолжазбаларын көрдік. Тың мәліметтермен таныстық. Ол кітаптарды бермесе де көшірмесін алып, байып қалдық. Көрменің атауының өзі «Қазақ әліпбиінің негізін қалаушылар» деп аталуы тегін емес. Алдағы Ахаңның мерейтойына қарсаңында және Ыбырай атамыздың 180 орай қарсаңында бұл бір жақсы шара болып тұр. Қазақ әліпбиін толықтырған екі тұлғаны осылайша тоғыстырып, таныстырып, танытып отырмыз, – дейді мемориалдық музейдің басшысы Марғұлан Оспанов.
Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова Музей қызметкерлерімен кездесу барысында кітапхана қызметі мен бай қорымен таныстырып, музей қорына кітаптарды сыйға тартты.