Көрермен көзайымына айналған

Халықаралық театр күніне орай Аманкелді аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған М.Қапышев атындағы Халық театры жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың "Құдағилар" драмасын сахналады. Қойылым сәтті шығып, көрермендердің көңілінен шықты.
Аталмыш театр алғашында 1960 жылы өнерге құштар жастардың драма үйірмесі болып басталған еді. Содан бері уақыт өте келе жанданып, қарыштап үлкен театрға айналды. Осы жылдар ішінде бағындырған асулары да аз емес. 1960 жылы республикалық театрлар байқауында театр Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» драмасымен «Халықтық» атағын қорғаған болатын. Халықтық театр атағын қорғаған аудан өнерпаздары жылдан жылға шыңдалып, күрделі шығармаларды сахналаудан талған емес. Театрдың алғашқы режиссері М.Қапышев.
Қазіргі таңда ұжым әр саладан жиналған аудан жастарымен бірігіп жұмыс істеуде. Ұжымды қойылымның премьерасымен құттықтап, ризашылығын білдіргендер аз болмады.
Қойылым алдында мәдениет үйінің холлында театр тарихы мен театрдың бұрынғы режиссері, марқұм Тұрсынова Қантай Мақажанқызына арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Қойылымнан кейін Қ.Тұрсынова туралы бейне ролик көрермен назарына ұсынылды. Аудан әкімі Ә.Асанов Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген марқұмның балалары Бауыржан, Айнагүл Тұрсыноваларға марқұм анасының "Еңбек ардагері" медалін тапсырды.
– Өнер жанашырлары Ж.Олжағұлова, Н.Әлмағанбетов Қантай апай туралы естеліктерімен бөлісті. Театрдың алғашқы режиссері М.Қапышевтың қызы, белгілі журналист, ҚР мәдениет қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, өнер жанашыры Ләззат Мейрамханқызы театр ұжымына жіберген арнайы ықылас сыйлығы табысталды. Облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі А.Кушкумбаева әртістерге Алғыс хат тапсырды. Бұл кеште өнер ұлықталып, өнерге қалтықсыз қызмет жасап жүрген өнерпаздар мадақталды. Театр ұжымына сарқылмас шабыт, толайым табыс тілеймін. Біздерді, қолдап, театр тарихына үлестері ерекше өнер жанашырлары Альберт Мүбаракұлы Мурсалимов, Ләззат Мейрамханқызы Қапышеваға алғысымыз шексіз! Былтыр театрға 60 жыл болды. Елдегі індетке байланысты жоспарланған іс шаралар кейінге шегіндірілген болатын. Театр болашақта қол соғатын көрерменімен қауышатын күндерді асыға күтеміз, – дейді Аманкелді аудандық мәдениет үйінің әдістемелік кабинет меңгерушісі, осы қойылымның режиссері Лиза Мизамбаева.
Аманкелді ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓