Айып дәлелденген жоқ

Өткен жылы Алтынсарин ауданының 34 жасар тұрғыны Әділ Ахметовке екі және одан да көп адамды өлтіруге оқталды деген  айып тағылып, қамауға алынған еді. Күдіктінің жақындары істің бұрмаланғанына сенімді. Қылмыстық іс жеті айдан кейін адам денсаулығына қасақана зиян келтірілді деген желеумен  қайта тексеруге жіберілді.  Бірақ, сотталушы екі тұжырыммен де  келіспейді. Ә.Ахметовтің қорғаушылары бұл абайсызда болған жазатайым оқиға деп отыр. Түлкібұлаңға түскен іске облыстық  қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты нүкте қойды.Оқиға 2020 жылдың 15 шілдесінде, кешкі сағат 19.30 шамасында болған. Бұл кезде  Әділ Ахметов үйіне келе жатып, жолай өзінің екі танысын кездестіреді. Сөз арасында Ә.Ахметов таныстарына мылтығын көрсетіп, оның артықшылықтары туралы айтады.  Күдікті   мылтықты жәй ғана тексеріп көрмек болып, шүріппесін басады.  Қару осы кезде атылған. Жәбірленушілер  – А. Ибрагимов пен А.Кәдірхан аудандық ауруханаға жеткізілді. Екеуінің де тізесінде жарақат бар.  Сот-медициналық сараптама нәтижелеріне сәйкес, жапа шегушілердің жарақаттары орташа. Алайда, бірнеше күннен кейін бұл оқиға аудандық полиция бөлімінде кісі өлтіру әрекеті ретінде тіркелді. Әділ Ахметов ұсталып,  жазатайым оқиғаға басқаша реңк берген полицейлер қайта тергеу жүргізеді.
Іс сотқа «екі адамды  қасақана өлтіруге оқталу» бабы бойынша түскенмен, тергеу барысында күдікті мен жәбірленушілер де өздерінің осыған дейінгі айтқан сөздерін танған жоқ.  Яғни, бір ұңғылы мылтықтан екі рет емес, бір-ақ рет оқ атылған.  Куәгерлерден де  жауап алынып, қосымша сараптама жүргізіледі. Нәтижесінде мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін өзгертуге мәжбүр болды. Әділ Ахметовтің ісі енді «кісі өлтіру» бабынан «екі адамның денсаулығына қасақана, ауырлығы орташа зиян келтіру» бабына ауыстырылды. Осыдан соң сот күдіктіні ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан  босатты. Бірақ, Ә. Ахметов пен оның қорғаушылары да мұнымен келіскісі жоқ. Олар жазатайым оқиғаның қасақана жасалмағанын, абайсызда болғанын айтып отыр. 
"Оның мылтыққа ресми рұқсаты бар, – дейді адвокат Әсет Қуанышбаев. – Мылтықты таныстарына көрсетіп жатқанда, абайсызда атылып кеткен.  Оқ қатар тұрған екі жәбірленушінің аяғын жарақаттаған.  Ол жедел жәрдем шақырғысы, көмек көрсеткісі келген. Бірақ, жөппөлдемеде  ұялы телефонын таба алмайды. Бес  минуттан кейін мылтық дауысын естіген полиция оқиға орнына келді. Бұл кезде менің қорғауымдағы азамат  қорқып кетіп, әлгі жерден кетіп қалды. Оның төрт баласы бар, солар үшін  алаңдап, бой тасалаған".
Ә. Қуанышбаевтың айтуынша, Әділ Ахметов келесі күні адвокатқа  өзі қоңырау шалып, полицияға бірге келген. Ол таныстарын аңдаусызда  жарақаттағанын мойындайды. Алайда, оны қасақана жасады деген айыппен келіспейді. Ә.Ахметовтің адвокаты жәбірленушілердің  емделіп шыққанын және айыпкерге  ешқандай шағымдары  жоқ екенін айтты.
Кезекті сот отырысында сөз алған прокуратура өкілі  күдікті,  адам денсаулығына қасақана  зиян келтірді дегенді алға тартып бақты.  
"15 шілдеде Ә. Ахметов пен оның таныстары арасындағы кикілжіңнің соңы бас араздыққа әкеп соқтырған. Салдарынан күдікті А.Ибрагимов пен А. Кәдірханға қарата мылтық атқан. Абырой болғанда оқ жәбірленушілердің аяғын  ғана жарақаттаған,-деді 19 наурыз күнгі өткен сот отырысында прокурор Мәриям Сүлейменова.-  Сараптамаға сәйкес, жәбірленушілерде аяқтың жұмсақ тіндері зақымданған. Ашық сынық тіркелді. Осыдан кейін Ә. Ахметов көліктің артқы орындығында отырған екінші бір  жәбірленушіге оқ атқан. Сосын ол қылмыс орнынан қашып кетті. Осылайша, Ә. Ахметов ҚР ҚК 107-бабының 2-тармағында қарастырылған екі адамның денсаулығына қасақана зиян келтірді. Мен сотқа айыптаудың тұжырымдамасындағы нақтылауды қабылдауды және істі қарауды жалғастыруды ұсынамын".
Ал 25 наурыз күні өткен сот отырысында  судья Жолдыбай Метаев ҚР ҚК 114 – бабының 2-бөлігінде көрсетілген басқа құрам бойынша, яғни, адам денсаулығына  абайсызда зиян келтірілді деген шешім шығарды . Ол жәбірленушілердің  шағымданбауына  байланысты іс жүргізуді тоқтатты.
«Ә. Ахметов екі рет оқ атқан деген дәлел негізсіз болып шықты. Демек, денсаулыққа қасақана зиян келтіру дәлелденген жоқ,- деді судья өз шешімінде. – Сонымен бірге, мен полиция департаментіне Ә. Ахметовтың іс-әрекетіне әкімшілік құқық бұзушылық жасау тұрғысынан тексеру жүргізуді сұрап, жеке қаулы шығардым».
Жолдыбай Метаев 114-бап бойынша істің азаматтық сот ісін жүргізуде қаралып жатқанын және жәбірленушілер тарапынан арыз талап етілетінін атап өтті. Ал, қару әзірге Әділ Ахметовке қайтарылмайды. Өйткені, алдағы уақытта оған   қаруға рұқсат беру-бермеу  мәселесі қаралмақ.
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓