Тасқынға тас-түйін дайын

Қостанайға көктем кеш келеді, дегенмен күннің күрт жылып кетуі әбден мүмкін. Жыл сайын Тобыл-Торғай өзені тасығанда ел ішін біраз әбігерге салатыны бар. Сондықтан қостанайлық құтқарушылар қарғын судан келер қауыпқа сақадай сай отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюктің айтуынша, өңірдегі су тасқынына қарсы шаралардың жүргізілу барысы мен су нысандарының көктемгі кезеңге әзірлігі басты назарда.IMG_3215-Қазіргі уақытта екі мыңнан астам күш құрылымдары мен 826 техника, 83 жүзу құралы, 245 су сорғыш техникасы, жиырма мың тоннадам астам инертті материал дайын тұр. Мұның сыртында мұз жару жұмыстарын жүргізу үшін де тиісті мекмелермен келісімшарт жасалды. Су тасқынының алдын алу үшін облыстық бюджеттен 455 млн теңге қарастырылған,-деді Карплюк.
Былтыр зардап шеккен аудандар үнемі бақылауда. Жедел көмек көрсету жасағының қызметкерлері кезекшілікте тұрады.
Облыстағы гидротехникалық құрылымдардың және су қоймаларының тасқын суға дайындығы туралы Тобыл-Торғай бассейні инспекциясының басшысы Гүлшат Оспанбекова су ресурстары инспекциясының мамандары өңірдегі гидротехникалық құрылымдардың жай-күйін тексеріп шықты деп отыр.
-Қостанай облысы территориясында 103 гидротехникалық құрылым тіркелген. Оның ішіндегі 24 бөгет тасқын суға дайын болмай шықты. Атап айтқанда, Докучаев, Қарабөгет, Қызыл-арық, Жырықбөгет, Жоғарғы Шортанды, Шынсай сияқты бөгеттердің жағдайы мәз емес. Былтыр су ресурстары инспекциясының мамандары аталған нысандарды ретке келтіру үшін жергілікті атқарушы органдарға ақпараттық хат жіберді. Алдағы уақытта арнайы комиссия бөгеттердің жай-күйін тағы бір тексеріп шығады,-дейді Гүлшат Оспанбекова.
Облыстағы су қоймаларының 68 пайызы толып тұр, десек те қоймалардағы 449 млн текше метр бос орын су қабылдауға әзір. Бұған дейін өткен аппарат жиналысында өңір басшысы Архимед Мұхамбетов тасқынға қарсы дайындықты күн тәртібінен түсірмеу керектігін айтқан болатын.
-Көктемгі су тасқынына байланысты жағдайды үнемі назарда ұстау қажет. Сондықтан, әрбір қала-аудан әкімдеріне тасқынға қарсы шаралар туралы мониторинг жүргізуді тапсырамын. Кейде қардың еруі синоптиктер болжаған мерзімге сәйкес келмей, күрт өзгеретін жайттар кездесіп жатады. Сол үшін дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізу керек. Тасқынға дайын емес бөгеттерді тез арада қалыпқа келтіріңіздер,-деген еді облыс әкімі.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талғат Кәкімов бәрі назарда дейді, дегенмен қауіпті аймақтардың да бар екенін жасырмады.
-Былтыр Қостанай облысында 58 елді мекен су басу қаупі бар аймақтар санатына кірсе, биыл бұл көрсеткіш 97-ге жетті. Аталған аумақтарды қатаң бақылауға алдық. Жалпы, 40 елді мекенді қар суы шайып кетуі ықтимал. Ал қалған 57 ауылға өзен-көлдердің тасуы әсер етеді деп болжанды. Қауіпті мекендерде 8000-нан астам тұрғын тіркелген,- деді Талғат Кәкімов.
Департамен басшысының сөзіне сүйенсек, апат бола қалған жағдайда, бірінші кезекте құтқарылатын адамдардың тізімін жасалған. Құтқарушылар 15 ауылға барып, әуелі аяғы ауыр 97 әйелді есепке алып отыр. Сондай-ақ, арнайы тізімде 30 бала бар екен. Ал жануарларды эвакуациялайтын 152 орын дайын тұр.
Бірінші кезекте Қостанайдың іргесіндегі елді мекендерді су басу қаупі бар. Қалалық төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс бөлімінің жетекшісі Геннадий Колчановтың айтуынша, Қостанай қаласының маңындағы елді мекендерді су басу қаупі әлі сейілмеген.
-Бүгінде қардың қалыңдығы орташа есеппен 15 см, ал судың қоры 20 мм көрсетіп отыр. Соған қарамастан кейбір елді мекендерді су басу қаупі бар. Атап айтқанда, «Әуежай», «Қостанай 2», «Қонай», «Колесные ряды», «Достық», «Солтүстік-батыс» шағын аудандары қауіпті аймақтар қатарына енеді. Сондай-ақ, Тобыл өзеніне жақын көшелер де арнайы тізімге қосылды,-дейді Колчанов.
Қазіргі күні төтенше жағдайлар кезінде 300 адамды оқшаулайтын қабылдау пункттері ашылды. Бұлардың арасында № 1, № 2, № 14 мектептер және «ГрИн Қостанай облысының азаматтық альянсы» ғимараты бар. Бұған қоса азық-түліктер мен дәрі-дәрмектердің қоры жиылды.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
Сурет "Қостанай таңының" архивінен алынды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓