Наурыз – атадан қалған мұра

Наурызды өктем қызыл саясат өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап 60 жыл бойы тойлауға тиым салғанмен, оны халық жадынан өшіре алмаған еді. Өйткені, бұл мерекенің дінге де, саясатқа да еш қатысы жоқ, ол шығыс, түркі халықтарының өзімен бірге жасап келеді, бүкіл Табиғат-ана оянатын жыл басы болып саналды.
Наурызды заманның дауылы соққан кездері, әсіресе, ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарғы саяси қуғын-сүргінде, ашаршылық жылдары ығып, дүние жүзіне шашылып кеткен қандастарымыз асылындай сақтады. Наурызды бөтен жерде өмір сүрген қандастарымыз наным-сенімі, дәстүрі-салты, атадан қалған мұра деп білді.
Қостанай облысының Қостанай ауданындағы Московский ауылында тұратын отызға жақын түтін Моңғолиядан 90-шы жылдары көшіп келген болатын. Қандас ағайындар жыл да Наурыз көже пісіреді. Бұл туралы журналист Нәзира Жәрімбетова «Фейсбук» парақшасында жазды.
«Моңғолияда жүргенде бала кезімізден наурыз көже іштік. Наурыз мерекесі жылдың басы, табиғаттың жаңаратын кезі, қыстан аман шыққан ағайынның қуанышы деп түсінемін. Көжені әр үй пісіруі тиіс, сөйтіп бала-шағасымен отының басында отырып ішеді, көрші-қолаңын, туыстарын шақырып, бір біріне ауыз тигізеді, қуанышын бөліседі» дейді қандасымыз Азат Миштари.
Биыл коронавирус нәубетіне байланысты қандастарымыз Наурыз мерекесін тойлауда аталар дәстүрін жаңғыртты деуге болады. Жылдағыдай дуылдатып көшеге шыққан жоқ, наурыз көжені ауылдың орталық алаңына апарған жоқ. Жиырма отбасы екіге бөлініп, әр күні екі отбасы бірігіп пісірген наурыз көжені ішуге жиналды. Дастархан басында ақ тілектер айтылды. Ән де шырқалды. Тарихи отанына оралғанына 20-30 жыл болса да, салт-дәстүрді сақтау, үлкенді сыйлау, ағайынның ынтымағын ойлау, отбасы құндылығын дәріптеу қандастарды ерекшелеп тұрады. Наурыз көже ұлттық құндылық болумен қатар, олар үшін ұлттық бояудың көнермеуіне қызмет ететін керемет мирас. Қандастар жиналған наурыз көжеде коронавирус кеселінен сақтану шаралары да ұмытылмады.
«Наурыз көжені бес күн бойы ішеміз, бұл атадан келе жатқан салтымыз. Моңғолияда жүргенде де осылай ағайын-әулетімізбен, ауылымызбен бірігіп, жасап бас қосатын едік. Ойын-сауық болатын. Оған уақыт көтермей тұр. Алда бәрі де жақсарады деп сенеміз, соны тіледік» дейді қандастар.
Бүгінде «Болашақ-2017» өндіріс кооперативіне біріккен қандастардың малы сыпыра төлдеп жатыр. Арқаның ұзақ қысынан малы күйлі шыққан ауылдың көңілі тоқ, көтеріңкі. Наурыз келді дегенше көктем шықты дей бер. «Өлмеген құлға болды жаз» деп, наурыз көжені шіреп ішкен шаруа көктемнің өзін күткен көп жұмысына кіріседі.
Нәзира Жәрімбет, журналист

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓