Қоқыс та кәдеге жарайды
Қалауын тапса, қоқыс та кіріс әкеледі. Өңірде қағаз қалдықтары қайта өңделіп жатыр. Екі аптадан бері облыстың экоеріктілері қағаз қалдықтарды қоқыс жәшіктеріне емес, қайта өңдеу жәшіктеріне сұрыптау арқылы 100 келіге жуық макулатура жинап, нәтижесінде екі апта ішінде 5 экокітап шығарған. Жоба аясында өңірдің экоеріктілері ЖОО-ның ауласына қоқыс жәшіктерін орнатқан. «Мақсат – қоршаған ортаны тазарту. Макулатураны жинау және қайта өңдеудің халық шаруашылық маңызы өте зор, яғни оны қайта пайдалану орманды сақтауға мүмкіндік береді және дайын өнімнің бағасын төмендетеді», – дейді жоба жетекшісі Наурызбек Бірмағамбетов.
Ауаның ластануы, ормандағы ағаштардың кесілуінен «жасыл» ортаға залал көбейді. Сондықтан, биосфераны аман алып қалу үші нақты әрекеттерге көштік дейді еріктілер. Жыл соңына дейін 100 дана кітап шығару жоспарда бар дейді экоеріктілер. Қайта өңдеуден үнем көп. Бір тонна пластик бөтелкені қайта өңдеу – 1,8 тонна мұнай шикізатына үнем болса, бір тонна макулатура 17 ағашты кесілуден сақтайды. 1 тонна макулатура қайта өңделгенде, судың 26 мың литрі үнемделіп, 500 шаршы метрі ластанудан қорғалады. Бір ағашты өсіру үшін кем дегенде 10 жыл қажет екен. Сондықтан, қағаз қоқысын арнайы жәшіктерге лақтырған абзал дейді еріктілер.