Аға буынға жаңа мүмкіндік
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай аймақтық университетінде "күміс университет" немесе "орта жастағыларға арналған Университет" жобасы жүзеге асырылуда. Оның тұсаукесері оқу ордасында өтіп, ардагерлеріміз келіп, танысты.
Бұл бастама егде жастағы кісілерге арналған. Өздерінің қалаулары бойынша келіп, білгендерін толықтыра алады. Әлеуметтік бастама 47-70 жас аралығындағы азаматтар үшін жақсы бастама екені белгілі. Жоба аға буын азаматтарының өмір сапасы мен әлеуметтік белсенділігін арттыруды, дене және психикалық денсаулықтарын нығайтуды да көздейді.
Ұсынылып отырған жоба 17 бағыт бойынша жүзеге асады. Оның ішінде компьютерлік сауаттылыққа оқыту, заңгерлік, экономикалық, ветеринарлық, психологиялық, философиялық, медиакурстар, тілдік курстар, вокал және өзге де бағыттар қамтылған.
– Білім беру бағдарламалары аралас оқыту бойынша жүзеге асады. Оны меңгеру жеңіл болуы үшін оқу орнының оқытушылары арнайы бағдарлама құрып, оқимын деген студенттердің де тілектерін ескерген. Оқу 18-ден 36 сағатқа дейін бөлініп, аралас түрде өтеді. Байланыс сабақтарын аптасына 2 рет 2 академиялық сағаттан өткізу жоспарлануда. Теориялық және практикалық сабақтардан басқа да мастер-класстарға, тренингтерге, пікірталастарға, интерактивтерге қатысуға мүмкіндік бар. Оқытудан сәтті өткен тыңдаушыларға арнайы сертификаттар беріледі, – дейді жобаның нұсқаушысы Азамат Жикеев.
Оқимын деп тілек білдіріп, тіркелген 72 азамат наурыз айының ортасынан оқуларын бастап кетпекші. Жас аралығы 47-70 жас аралығында болуы керек.