Балалар тағамы өндіріледі

Биыл Қостанай облысында 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның бесеуі – өсімдік шаруашылығы, төртеуі – мал шаруашылығы саласына, үшеуі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытына тиесілі. Мәселен, "Олжа Агро" ЖШС агрохолдингі тоғыз жобаны қолға алуға ниетті.
Бұл серіктестік әрқайсысында 1200 бас ІҚМ болатын сегіз сүт-тауар фермасын салмақ. Сондай-ақ, балалар тамағын өндіретін зауыт ашуды да көздеп отыр. Мұнда тәулігіне 50-ден 240 тоннаға дейін сүт өңделетін болады. Зауыттың болжамды құны – 24 млн АҚШ доллары. Ал 8 сүт-тауар фермасына бұдан 2,5 есе көбірек қаржы жұмсалуы мүмкін. Зауыт не Қостанай қаласында, не Қостанай ауданында салынып, 2023 жылы іске қосылады.
"Қостанай ауданындағы "Надежинка" ЖШС осы жылы 1000 бас ІҚМ-ға арналған сүт-тауар фирмасы құрылысына кіріседі. Құны – 4,5 млрд теңге. 60 жаңа жұмыс орны құрылмақ. "Баян Сұлу" АҚ 2023 жылға дейін құны 10 млрд теңге болатын жаңа бисквит цехын салады. Ол 260 адамды жұмыспен қамтиды", – дейді Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов.
Б.Майлин ауданында "Қарқын Құс" ЖШС құс фабрикасын жаңғырту бойынша ірі жобаны іске асыруға кіріскелі отыр. Мұнда бройлердің етті тұқымы өсірілмек. Жылдық қуаты 10 мың тонна болады деп болжануда. Жоба құны – 5,3 млрд теңге. Қала, аудан әкімдіктеріне жобалардың уақытылы әрі сапалы іске асуын қатаң бақылауға алу және оған барынша қолдау көрсету тапсырылды. Облыс әкімі А.Мұхамбетов тағы бір жаңа жобаның жүзеге асатынын айтты.
""Олжа Агро" ЖШС "1000 отбасылық ферма" жобасын бастайды. Оның аясында 100 бас ІҚМ фермер отбасыларға беру, кейін олардан алынған бұзауларды 100 пайыз сатып алу қарастырылып отыр. Мұнымен қоса холдинг асыл тұқымды ІҚМ сатып алуды, баз құрылысын және ауыл шаруашылығы техникасымен қамтуды өз міндетіне алады. Инвестициялық жоба құны – 145 млн АҚШ доллары. Қазірдің өзінде бұл бағдарламаға қатысуға ниет білдірген әлеуетті фермерлерден 20 пайыз өтініш қабылданды", – деді облыс әкімі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓